Әлеумет

Қамығып келгендер қуанып қайтады

The final spritzer

Қазір қоғамда баршаны толғандырған мәселелер көп. Соның бірі – отбасы құндылығы, әр шаңырақтың бүтіндігі мен татулығы. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ бұрын кейде отағасы кішірейіп, кейде отанасы кешірімді болған. Нәтижесінде, отбасының ынтымағы мен бірлігі, сыйластығы сақталып, берекесі артқан. Қазіргі уақыт басқа ма, түсінік өзгеше ме, барлық қиындыққа төзіп жүре беретін бұрынғы сабырлы аналардың жалғасы жас келіндердің жүйкесі жұқарған секілді. Жас отау иелері де жауапкершілікті толық сезіне алар емес. Сондықтан жас отбасылардың жақсы шаңырақ болып қалыптасып кетуі де жұртты алаңдатып отыр.

Бұл көрініс мемлекетті де ойландырып, түрлі қолдаулар беруге күш салуда. Әр отбасына әсер ететіндей түрлі орталықтар ашылып жатыр. Солардың қатарында 2024 жылы 8 қараша күні Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтың қаулысымен құрылған «Отбасын қолдау орталығы». Аталған мекеме Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бағынысты. Бұл орталықты мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибе жинақтаған білікті маман Бақыт Жақсылықова басқарып отыр. Ол ұзақ жыл облыс әкімдігі жанындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы қызметін атқарды. Яғни, ана мен баланың жағдайын жақсы түсінеді деп толық айта аламыз. Бақыт Сауқынбекқызының мол тәжірибесі орталық жұмысының оңға басуына, жақсы жолға қойылуына ықпал ететіні анық. Уақыт қалай жылдам десеңізші!

Аталған орталықтың құрылғанына да зымырап 5 ай өте шығыпты. Бұл уақыт аса көп те мерзім емес. Дегенмен әр күн, әр аптамызға есеп беруге тиіспіз. Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» мекемесі күнделікті жеке қабылдау жүргізуде. Оның көпшілігі ақ жаулықты аналар. Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет саласы және әлеуметтік қорғау мәселелеріне байланысты сауалдарымен жүгінеді.

Сондай-ақ аналар отбасы мәселесін, шаңырақтарында өздерін толғандырған мәселелер бойынша қайырылады. Тұрғындардың барлық сауалдары мен жеке мәселелері заңнамада белгіленген тәртіппен қаралуы қамтамасыз етілген. Ашылғалы бергі уақытта аталған орталыққа 214 адам тіркелген. Оның ішінде 24 көпбалалы, 52 аз қамтылған отбасы бар.

Сонымен қатар 35 толық емес отбасы, бір Ауған соғысының ардагері, 2 қоныс аударушы отбасы, 64 зорлық-зомбылық құрбаны болғандар және 36 ешқандай категорияға жатпайтындар орталықтың әлеуметтік және моральдық жәрдемінен үміт еткен.

Сонымен қатар облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан неке бұзу туралы қозғалған істер бойынша ресурстық көмек көрсету үшін сот ұйғарымдары түскен. Оның ішінде 54 адаммен неке және отбасын сақтау бойынша іс-шаралар атқарылған. Нәтижесінде, 9 отбасы татуласыпты. Бұл – жақсы көрсеткіш.

АЛҒАН ӘСЕРІ МЕН КӨҢІЛГЕ ТҮЙГЕНІ КӨП

Жалпы, отбасылармен 214 ақпараттық-консультациялық жұмыс жүргізіліп, 250 түрлі заңдылық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетіліпті. Оның ішінде 124 заңгерлік кеңес, 81 әлеуметтік кеңес, 28 психологиялық көмек, 8 мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне кезекке қоюға жәрдем, 3 тұрғын үй алуға кезекке қоюға көмек және 6 адамға жұмыс іздеуге қолдау көрсетілгені – жұмыстың нақты нәтижесі.

Аталған «Отбасын қолдау орталығы» мекемесі Тараз қаласының шет аймақтарында орналасқан орта мектептердің ата-аналарымен және қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырып, оларды орталықтың қызметімен кеңінен таныстырған. Кездесуге қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап беріп, тиісті көмек түрлері ұсынылыпты. Орталық тарапынан Д, Е санатты 781 азаматқа орталықтың қызметі онлайн таныстырылып, көмек ұсынылып отыр.

Сонымен қатар Amanat партиясының «Қарызы жоқ қоғам» жобасы бойынша халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша қабылдауға шақырылды. Алайда кездесуге 5 адам ғана қатысып, тегін заңгерлік көмек алды. Міне, әр отбасының сауаттылығын арттыру арқылы да отбасылардың табысқа жетуіне, тым болмағанда қарызсыз өмір сүруіне ықпал етуге болады. Оны аталған орталықтың іс-әрекетінен аңғардық.

Тараз қаласының Әулиеата ауданы әкімінің «Халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігінің материалдық жағдайын анықтауды жүзеге асыратын аумақтық округтердің учаскелік комиссияларының құрамын бекіту туралы» шешіміне және Тараз қаласының Жібек жолы ауданы әкімінің «Халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігінің материалдық жағдайын анықтауды жүзеге асыратын аумақтық округтердің учаскелік комиссияларының құрамын бекіту туралы» шешіміне сәйкес, орталықтың қызметкерлері учаскелік комиссия мүшелері болып бекітілген.

Осыған байланысты, орталық қызметкерлері сәуір айында азаматтардың әлеуметтік көрсеткіші бойынша 126 өтініш иесінің мекенжайына барып, FSM Social мобильді қосымшасына акт толтырды. «Отбасындағы зорлық зомбылықсыз Қазақстан» атты республикалық акция шеңберінде облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен Тараз сервис технологиялық колледжінің және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенттерімен кездесу өткен.

Жиында Тараз қалалық «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің тәжірибелі психолог маманы Әйгерім Өсербаева психологиялық дәріс оқып, жасөспірімдермен тренинг өткізіпті. Бұл жиыннан да ана мен баланың, жас отбасылардың алған әсері мен көңілге түйгені көп. Сонымен қатар отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Отбасылық зорлық-зомбылық пен кәмелетке толмағандарды қорғау: Тараз қаласындағы Отбасын қолдау орталығының рөлі» тақырыбында әлеуметтік желіде мақала жарияланып, оған көпшілік тарапынан түрлі қолдаулар жазылған.

Аталған орталықта биыл 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Ашық есік» күні іс-шарасы ұйымдастырылған. Іс-шара отбасы құндылықтарын нығайту, неке мен отбасын сақтау, тұрмыстық зорлық зомбылықтың алдын алу, жалпы көмекке мұқтаж отбасыларға жан жақты көмек көрсетуді көздейді. Іс шараға келушілер атаулы әлеуметтік көмек тағайындалу тәртібі, кредит мәселесі, денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыздығы және мүгедектік тағайындалмауы, наркологиялық диспансерде ем қабылдап шығуына байланысты жұмысқа қабылдану қиыншылықтары, т.б. отбасы мәселелерімен көмекке жүгінді.

Бұдан бөлек 15 мамыр күні аталған орталықта «Ұжым – екінші отбасы» атты кездесу өтті. Кездесуге орталық мамандарының отбасы мүшелері шақырылып, ұжыммен және жұмыс орнымен таныстырылды. Аталған іс-шараның мақсаты – отбасылық құндылықтары мен дәстүрлерін нығайту, балалардың танымын кеңейту, отбасылық жайлы қарым-қатынасқа үлес қосу.

Сонымен қатар әріптестер арасында сыйластық пен достықтың, ауызбіршілік пен татулықтың, еңбексүйгіштік пен тәртіптің сақталуына да мұндай жиынның оң әсері зор. Осы жылдың 12 мамырынан бастап аталған орталықтың жауапты мамандары полиция қызметкерлерімен бірлесе, қалалық полиция басқармасының профилактикалық есебіне алынған жайсыз отбасылардың үйлеріне рейдтік шараларды жүргізуде.

Іс-шара барысында аталған тұрғындарға орталықтың қызметі кеңінен таныстырылып, ақпараттық парақша таратылды. Зерделеу барысында анықталған орталықтың көмегіне мұқтаж отбасылармен заң аясында сүйемелдеу жұмыстары жүргізілетін болады.

БАСТЫ КӨМЕК – ЖЫЛУ МЕН МЕЙІРІМ

Біз осы орайда орталықтың көмегіне жүгінген аналарға арнайы хабарласып, жауап алған едік.

Ал бұл орталық заң жағынан да көмек көрсете алады. Сондай көмек алған азаматшаның бірі – тараздық Мөлдір Қабылбекова. «Мен бір жағдайға байланысты сотқа жүгініп жүрген адаммын. Аталған орталықтың заңгерлері маған осы тұрғыда көп көмегін берді. Орталықтың заң бөлімінің меңгерушісі Әбдікәрім Үмбетбаевқа рақмет. Одан заң тұрғысынан жақсы бағдар алғандықтан, бәрі оңынан шешілді. Бұл нәтижеге аталған орталықтың заңгерлерінің көмегімен жеттім», – дейді ол.

«ҚУАНҒАН ЖҮЗІН КӨРГЕНДЕ БІЗ ДЕ ЖАДЫРАП ҚАЛАМЫЗ»

Міне, ашылғанына аз ғана уақыт өтсе де аталған мекеменің нәтижелі жұмысы байқалып жатыр. Бізді осы жағы қуантты. Аталған мекеме елмен етене жұмыс істеп, білім ошақтарын аралап, орталық туралы нақты ақпарат бере білген. Қазіргі таңда бұл орталықты іздеп келетіндер аз емес.

ТҮЙІН:

Қоғамның байлығы – бүтін отбасы. Отбасы құндылығы татулығы мен ынтымағы, түсіністігі қашанда зор маңызға ие. «Отбасы – шағын мемлекет» деп те бекерге айтпайды. Шаңырақтың бүтіндігі мен беріктігі – маңызды. Әр шаңырақтың берік болуы ерлі зайыптылардың өздеріне тікелей қатысты. Сол бағытта түсіндіру, қолдау жұмыстарын жүргізіп келе жатқан Тараз қалалық «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің жұмысына көңіліміз толады. Алдағы уақытта да олар атқаратын жұмыс көп.

 

Есет ДОСАЛЫ