Тазалық – өркениеттің белгісі

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өткізілуде. Акцияға облыс тұрғындары, барлық мемлекеттік мекемелер, оның ішінде әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, кәсіпкерлік, туристік мекемелер, ірі сауда орындары мен мейрамхана иелері атсалысуда.
Осы апта басында облыс жастары Тараз қаласы Әулиеата ауданы 9-шағынауданда «Таза аула» экологиялық акциясын ұйымдастырды. Шараға қатысушылар тұрғындармен бірге аулаға тазалық жұмыстарын жүргізді.
Осындай бағыттағы іс шаралар облыстың барлық аудандарында да өткізілді.
Атап айтқанда, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында Суханбаев атындағы саябақта, Қордай ауданы Қордай ауылында Жасыл саябағында, Меркі ауданында «Меркі» тау шатқалында, Т. Рысқұлов ауданы Құлан ауылында «Жеңіс» саябағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Облыс көлемінде іске асып жатқан көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалық айлығы аясында «TazaLike», «Таза аула», «Таза қала» «Үлгілі аула» конкурстары өткізілуде.
Жамбыл облысында тұрғындардың тазалық жөнінде жергілікті атқарушы органдарға «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі арқылы телеграмм ботпен өтінім беруге мүмкіндігі бар. Телеграмм-бот ашылғалы бері жалпы 542 өтінім түскен. Телеграмм-ботқа түскен өтінімдердің басым көпшілігі аумақтарды күл-қоқыстан тазалауға қатысты болса, бірнеше өтінім көшелерге асфальт төсеу, жолдарды тазалауға қатысты болды.
Жыл басынан бері акция аясында 803,8 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 79,2 мың тұрғын үй аулалары мен 2,7 мың шақырым көшелер тазаланып, 6,1 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. 286,9 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 641,1 мың шаршы метр саябақ пен сквер аумақтары тазартылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі