Мәдениет

Ана тағдырын кинотуындыға арқау еткен тараздық талант

The final spritzer

Жалпы әр өңірде ерекше ойлайтын, дарынды, полиглот жастар бар. Қабілеті зор, танымы жоғары, алға қойған мақсаты айқын жандар өз арамызда да кездесіп жатады. Көзқарасы ерекше, әлемге, өмірге деген ұстанымы бөлек жандарды кейде басқа ғаламшардан келген бе деп те қаламыз. Соңғы жылдары жастар арасында өзгеше, болмысы бөлектері өте көп. Олар ерекше әндерді, күйлерді, шығармаларды, отты өлеңдерді, тіпті тамаша кинофильмдерді өмірге әкелуде. Солардың бірі – ерекше жас, тың идеялардың авторы Жалғас Абенов.

Жалғас Қуанышбекұлы – «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-ның Калифорния штаты Лос-Анжелес қаласындағы «Нью-Йорк» фильм академиясында режиссура бағыты бойынша магистратуралық білім алып жатқан түлек. Жақында ғана Жалғас Абенов «Айша» деп аталатын қазақ әйелдерінің ауыр тағдырын суреттейтін қысқаметражды фильм түсірді. «Айша» фильмі – тек кино емес, қоғамдағы ең өзекті мәселе тұрмыстық зорлық-зомбылықты, нәзік жандардың үнсіз жанайқайын қозғайды.

Жалғасқа сөз өнері, кино саласы да жат емес. Жалғастың анасы елімізге танымал журналист, қара сөздің шебері, ақын Ғайни Әлімбекқызы. Журналистика саласының майталманы зейнетке шықса да әлі де қаладағы «Taraz 24» телеарнасында жұмыс істейді. Ол «Биіктік» атты хабардың авторы. Жақында ғана соғыс ардагері Ыбырайым Сүлейменов туралы жасаған бағдарламасы республикаға танымал болып, көпшіліктің көзайымына айналды. Демек «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші дана да, дара анадан тәлім алған Жалғастың болашағы зор, қазақ киносына қосар үлесі көп деп ойлаймыз.

Жалғас мектепті №8 мектеп-гимназиясында аяқтап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түскен. Оны қызыл дипломмен үздік тәмәмдап, «Болашақ» бағдарламасымен Америка құрама штаттарының Калифорния штаты, Лос-Анджелес қаласында магистратураны оқуда. Әлі де арманы аласармай кино саласына өз қолтаңбасын қалдырсам дейтін Жалғастың жазары да, айтары да көп.

Адамның өз ісін табуы – үлкен ризық. Хакім Абай «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса сыйламай тұра алмас ел» деп бойында қайраты бар жастарға мал тауып, кәсіп етіп, өнер мен білім үйренудің қажеттілігін айтып кеткен. Дүние тіршілігінің сәні де еңбек ету емес пе? Жалғас Абеновтың кинотуындылары әлемді шарпитынына сенімдіміз!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА