Жаңалықтар

Жастарды еңбек шыңдайды

The final spritzer

Қазіргі қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірегейі – бала тәрбиесі. Бұған ел ертеңін ойлаған әрбір азамат бейжай қарамайтыны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым ұрпақ тәрбиесіне жауапты болуды жүйелі ескертіп-ақ келеді. Президент ұрпақ тәрбиесіне қатысты ой-пікірін Ұлттық құрылтай мінберінен де айтты. «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс», – деді Мемлекет басшысы.

Әрине, бала тәрбиесінде бар салмақ ең әуелі ата-анаға түсетіні белгілі. Өйткені бала тәрбиені алдымен отбасында алады. Ұшқан ұясында не көрді, не түйді – соны бойына сіңіреді. Бұл ретте сан ғасырдан жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиеміздің рөлі зор. Елдік тәрбиенің қайнарына қанып өскен өреннің танымы да терең болмақ. Әсіресе қазақ отбасында ата-әже, әке-шеше мен бауыр деген ұғымдардың орны бөлек. Қоғам, уақыт өзгерді дегенімен, ұлттық тәрбиеден ажырамаған жөн.

Осы ретте қазіргі жас ұрпақты адалдыққа, тазалық пен еңбексүйгіштікке ғана тәрбиелемей, олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жат ағымдар мен қылмыстық әрекеттерден сақтау және қоғамда тәртіп пен еңбекке деген көзқарасты нығайту – күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бастысы, сіз бен біз өскелең ұрпақты бала күнінен еңбекке баулып, тәртіпті болуға, болашақта өз ісінің шебері атануына ықпал етуге тиіспіз.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысқан «Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет» атты ауқымды форумның мақсат-мүддесі осыған саяды. «Шахристан» кешеніндегі көрме залында өткен басқосу барысында аймақ басшысы жастар тәрбиесінің мемлекет болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Ал облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің айтуынша, бұл күнде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық көбейе түскендіктен, бұл мәселені оңтайлы шешуде барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс атқаруы тиіс. Ол өз сөзінде құқықтық тәрбиенің мектеп қабырғасынан басталуы керектігін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ жиында Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев сөз алып, жас ұрпақты келеңсіз жағдайлардан қорғау, олардың жат ағымның жетегінде кетпеуінің алдын алу мақсатында жүзеге асуы тиіс қажетті іс-шаралар туралы пікірін ортаға салды. Бұдан бөлек «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» серіктестігінің бас директоры Адиль Алиев жалынды жастарды еңбекке баулу арқылы оларды қылмыстық ортадан алшақтатуға болатынын атап өтті. Айтуынша, бұл ретте кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы әріптестік байланысты нығайту қажет. Сонымен қатар форумда №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Алимбаева, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің директоры Саясат Есеев пен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Асхат Картаков білім мекемесінде құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы кеңінен баяндады. Педагогтердің сөзіне сенсек, аталған оқу ошақтарында жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеу, мамандыққа баулу және олардың бос уақытын тиімді өткізу ұйымдастырылуда. Десе де, студенттерді жұмысқа орналастыруда қиындықтар кездеседі екен. Осылай деген колледж басшылары мәселені тиімді шешу бағытында кешенді қолдау шаралары қажет екенін жеткізді. Ал №45 қазақ-классикалық гимназиясында жүзеге асқан «Қалқан» жобасының жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Тоғжан Лаубай жастарды өз құқықтарын қорғауға үйрету, құрдастар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында тиімді әдістерді таныстырды.

Форум соңында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жиында айтылған ұтымды ұсыныс пікірлер ескерілетініне тоқталып, туындаған мәселелердің түйінін тарқатуда қоғам болып бірігіп әрекет етудің маңызын айтты. Айта кетейік, бұл күні өңір кәсіпорындарында студенттердің тәжірибеден өтуі және кейіннен жұмысқа орналасуы бойынша бизнес өкілдері мен білім беру мекемелері арасында бас-аяғы 15 меморандумға қол қойылды.

 

Есен ӨТЕУЛІ