Жеңімпаз қыз жерлестер құшағында

Жамбыл жұртшылығы «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалінің гран-при иегері, Байзақ ауданы, Абай орта мектебінің оқушысы Інжу Тілеужанды салтанатпен күтіп алды. Тараз темір жол вокзалына жиылғандар жеңімпазды қуанышпен қарсы алды.
«Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалі дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Бұл фестиваль әрбір баланың даралығын, шығармашылық қабілетін танытып, өнер мен талантын бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына да жол ашады.
Биыл бұл мерейлі шара өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. 2005 жылдан бері өткізіліп келе жатқан фестиваль талай дарынды баланың үмітін оятып, болашаққа сеніммен қарауына себепші болды. Фестиваль – жай ғана байқау емес, ол – шынайы шабыт пен жігердің, мейірім мен қолдаудың алаңы. Мерейтойлық фестиваль аясында республика бойынша 100 мыңнан астам қазақстандық ерекше балалардың өнерін тамашалап, өз таңдауларын жасап, дауыс берді.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы Абай орта мектебінің оқушысы Інжу Тілеужан халық ықыласына бөленіп, байқаудың Гран при иегері атанды. Талантты оқушыға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Сонымен қатар, фестиваль барысында ерекше балалардың дамуына үлес қосып жүрген үш Жамбыл облысының педагогы «Жұлдызды ұстаз» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – ұстаздар еңбегінің лайықты бағалануы мен құрметі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА