Бурылдың бүлдіршіндері ертегі кейіпкерлерімен кездесті

«Барлық жақсылық балаларға» демекші, періште көңіл бүлдіршіндерді қуанышқа бөлегенге не жетсін. Бурыл дәрігерлік амбулаториясы әлеуметтік-психологиялық қызметі 20 балаға қуаныш сыйлады. Олар көпбалалы отбасынан және қамқорлықсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балалар.
Амбулаторияның аға дәрігері Айдана Мейірбекованың қолдауымен жүзеге асқан игі шара балалардың көңілінен шықты. Жақсылыққа жаны құштар, жүрегі нұрлы бүлдіршіндерді Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрына аталған мекеменің әлеуметтік қызметкерлері Ләззат Қалыбекова, Гүлфайруз Дүйсекова алып келді.
Байзақтық жас қонақтарды аталған театр қызметкерлері Жазира Дүйсембаева мен Аймен Әсетқызы қарсы алды. Бүлдіршіндер «Алладин» атты ертегіні қызыға тамашалады. Оларға актерлердің дәл көз алдарында ойнағаны, балаларға түрлі қимылмен көңіл аударғандары ерекше ұнады. Тағдырлары сынаққа толы балалар қызықты ертегіні көріп, бір сәтке көңілденіп, жүздері нұрланды.
Саламат ҚОҢЫРБАЕВА,
Бурыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясының психологы.
Байзақ ауданы