Тендер арқылы табыс табудың жолы қайсы?

Тендер бизнесі – шексіз мүмкіндіктер алаңы. Ол үшін миллиондар салу қажет емес. Аз ғана қаржымен бастап, мол табысқа кенелуге болады.
Абзал Мұсабеков – Тараздағы тірлігін тендермен үйлестірген жігіт. Бастапқыда дәнекерлеуші болып жұмыс істеген ол бүгінде мемлекеттік сатып алу ісіне қатысады. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік ұйымдарға қызмет көрсетеді, тауар сатып, табыс табады. Арнайы порталдан тендер іздейді. Тендерді ұтқан соң жеткізушіден тауарды сатып алып, мемлекеттік мекемеге алып барады. Яғни, тендер орындалған соң барып өз пайдасын табады.
Мемлекеттік ұйымдар мен ірі компаниялар өзіне керекті тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін тендер өткізеді. Арнайы конкурсты өткізіп, өздеріне қандай тауар керек, қандай мөлшерде, қашан және тағы сол сияқты ақпарат беріледі. Тендерді мемлекеттік мекеме ұйымдастырса, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, тендерде жеңіске ең арзан баға ұсынған кәсіпкер жетеді. Мұның бәрін, бүге-шігесін бізге мықты «тендерщик» Абзал Нұрғисаұлы айтып берді. Ол бүгінге дейін 3000-дай шәкірт оқытыпты. Арасында ұстазынан озған шәкірттер де бар.
Неге нақты тендер саласы деп ойланып көрсек, бұл кәсіптің артықшылығы өте көп екен. Қандай кәсіпті ашатын болсаңыз да, 500 мың немесе 1 миллион теңгедей қаржы қажет. Ал тендерді сіз қалтаңыздағы 20-30 мың теңгемен де бастай аласыз. Бұл кәсіп үшін арнайы мекемені жалға алудың қажеті жоқ. Арнайы адамдарды жұмысқа алудың керегі жоқ. Қолыңызда ноутбук пен интернет болса болды. Бұл саланы алып кетуге болады.
Абзал дәнекерлеуші болып өзі үйренген екен. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші қолынан келмейтіні жоқ жігіт қазіргі Гранд базардағы бүкіл жақтау, есіктерін жасап шығыпты. Тендерге келгелі де «Берік қара» жазғы лагерін тендерден ұтып, әдемі беседкаларды өз қолымен жасапты. Іскер жігіт құрылыс жұмыстарынан, ер адамдарға тән барлық кілт жасау, құрастыру, есік ауыстыру, бәрін жасай аламын деп отыр. Тек бұл ауыр іспен айналысып жүргенде тендермен кім айналыспақ?
Аз ғана уақытын тендерге арнап халыққа үйретіп, өзі де қатысып, миллиондарды бағындырып жүр. Жеке командасы бар. Бір қызығы, тендер жыл мезгіліне қарамайды. Бұл кәсіпте салған қаражатыңыз толық қайтады. Өйткені қаржы мемлекеттен келеді. Осы тұрғыда Абзалдың өзі тәрбиелеген ең үздік шәкірті әрі жеке көмекшісі Жарқынай Балаевамен сөйлестік.
Кезінде Кристофер Морли «Ешкім оқымаған кітапты оқы, ешкім ойламаған ойды ойла. Елдің пікіріне сену – ақыл-ойыңа зиян» деген. Білмеген нәрсемізді үйрену – бақыт сыйлайтын шығар. Әдеттерімізді өзгерту дұрыс нәтиже береді. Өміріміз берекелі әрі жетістікке толы болсын десек, өз жолымызды тапқанымыз жөн шығар.
Бүгінгі кейіпкеріміз Абзал да ешкім салмаған сүрлеуді салып, армандап көрмеген биіктеріне жеткен. Табыстың кілті – көңіл бөлу. Қай саланың да үздігі болып, кез келген істе табысқа шығу мақсатыңыз болса, сол салаға жеткілікті көңіл бөліп, шын ниетпен іске кірісу керек!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА