Жаңалықтар

Әнұраным - айбыным, көк байрағым - байлығым!

The final spritzer

Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Ұлттық Рәміздер – ұлт мақтанышы!» атты салтанатты жиын өтті. Жиын барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы №85395 әскери бөлімшесінің сарбаздары және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенттері үлкен баннерге салынған көк Ту мен Елтаңбаны көтеріп тұрды.

Іс-шара Тараз қалалық «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының «Шаттық» хорының орындауындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Патриоттық іс-шараға жиналған көпшіліктің алдында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйледі.

Мұнан соң облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы бірқатар азаматтарды Құрмет грамотасымен марапаттаса, бірқатар үздік азаматтар Алғыс хаттарға ие болды. Келесі сәтте Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының концерттік бағдарламасын тамашалады. Дулат Жасұзақов пен Мейірім Хамзина «Атамекен» әнін шырқаса, Әлішер Болтаев пен Қайсар Көкішев «Елім деп соққан жүрегім» әнін жүректерге жеткізді. Жазира Сметова мен Динара Диханбаева «Асыл досым» әнін көпшілікке тарту етсе, Жұлдыз Өксікбаева, Арайлым Құрымбетова, Гүлдан Шәріпханова «Елім, Қазақстан» әнімен ерекшеленді. Бұл күні өңір тұрғындары ерекше қуанышқа бөленді. Әсіресе жалынды жастар белсенділік танытты.

Рәміздер күні – барша еліміздің тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Сондықтан патриоттық іс-шара барша көпшілікке жақсы әсер сыйлағаны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ