Ұлт тұлғасымен ұрпақты қауыштырған қойылым

Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен Шерхан Мұртаза туралы «ШЕР-ХАН» қойылымы көрермен ықыласына бөленді. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ұйымдастыруымен жазушы, қоғам қайраткерінің өмір жолына арналған көркем – туынды көпшілікке керемет әсер сыйлады.
Қойылымда қаламгердің балалық шағы мен бозбала кезі, әсіресе интернаттағы өмірі мен 1937 жылғы саяси қуғын сүргіннің зардаптары терең баяндалды. Сондай-ақ соғыс жылдарындағы халық көрген ауыртпалықтар, бауырларына, туған-туыстарына, Айша анасына деген сағынышы, ел тағдыры жолындағы күресі мен депутаттық кезеңдегі қоғам өміріне қосқан үлесі әсерлі жеткізілді.
Көрермен назарына ұсынылған бұл туынды шынайы сезім мен өмірлік шындыққа негізделгені арқылы жүректерге жол тауып, ел ықыласына бөленді. Қойылым барысында Шерхан Мұртазаның тұлғалық болмысы мен ел алдындағы еңбегі ерекше көркемдікпен бейнеленіп, залда отырған жұртшылыққа терең ой, ерекше әсер қалдырды. Кеш барысында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков қойылымның мазмұны мен маңыздылығына тоқталып, өз ойымен бөлісті.
Қойылымды облыс, қала, басқарма және түрлі сала жетекшілері, зиялы қауым мен ақпарат құралдары, облыстық ардагерлер кеңесі өкілдері, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студент жастары да келіп тамашалады. Қойылым соңында сахна төріндегі артистерге облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді. Көрермен қауым да өздерінің ыстық ықыластарын артистерге құшақ-құшақ гүлдер сыйлаумен білдірді.
Аяулым РАХЫМБЕК
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті.