Әлеумет

Тараздық таланттың тарихи жеңісі

The final spritzer

Рас, қазақ боксының тарихында жампоз жамбылдық қыз-жігіттердің есімі алтын әріппен жазылды. Айталық, жаңа ғасырдың басында Сиднейдегі жазғы Олимпиада ойындарында Т.Рысқұлов ауданының түлегі Ермахан Ибраимов атой салса, арада төрт жыл өткенде ежелгі Элла елінде жуалылық жас ұлан Бақтияр Артаевтың бағы жанды. Ал 1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында жалауы желбіреген Әлем чемпионатында байзақтық Болат Жұмаділов жеңімпаз атанып, Әнұранымызды шырқатты. Сол кездің өзінде-ақ бүкіл дүниежүзінде теңдессіз екенін дәлелдеп үлгерген сол аға буын өкілдерінің бүгінгі ізбасарлары да осал емес.

Асланбек Шымбергенов, Әбілхан Аманқұл, Оралбай ақсақалдың қос немересі Айбек пен Нұрбек, Бексұлтан Боранбек, Дулат Бекбауов, Диас Молжігітов және Асылхан Көшербай сынды боксшыларымыз дүбірлі додалардың биіктігінде ат байлағаны белгілі. Бұл тұста нәзік жанды аруларымыз да білгенінен жаңылмағаны шын қуантады.

Әуесқой спортшыларды айтпағанда, кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова жас болса да талай биікті бағындыра алды. Оның жетістіктері спорт әлемінде егемен еліміздің абыройын арттырды. Ол бұған дейін 63,5 килограмм салмақта IBA-ның әлем чемпионы, 58,9 килограмм салмақта IBO және WBC Silver-дің әлем чемпионы, 61,2 килограмм салмақта WIBA және WBU-дың әлем чемпионы саналды. Ал бүгінгі бокс жанкүйерлері үшін тараздық Ангелина Лукастың есім-сойы таңсық емес.

Екінші жеңіл салмақта (52,2 кг) өнер көрсететін жерлесіміз осы күнге дейін өз мықтылығын мойындатып үлгерді. Мәселен, ол былтыр Бангкокте (Таиланд) өткен кәсіпқой бокс кешінде жеңіске жетіп, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын иеленді. Аргентиналық Дебора Анаи Лопеспен (21-2-1, 1 КО) күш сынасқан жамбылдық сұлу бас-аяғы он раундқа жоспарланған жекпе-жек барысында шашауына шаң жұқтырған жоқ. Нәтижесінде, төрешілердің шешімімен біздің қыз жеңіс тұғырына көтерілді.

Десе де, спорт әлемінде жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні ақиқат. Бұл шындық –әулиеаталық аруды да айналып өткен жоқ. Нақтылай түссек, 2023 жылдың қазан айында Ангелина алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты. Чили елінің ақ үміті Даниэло Асенхомен жұдырық түйістірген жерлесіміз төрешілер шешімінің негізінде жеңіліске ұшырағанын жанкүйерлері ұмыта қойған жоқ. Ал араға екі жыл салғанда қос қарсылас қайта кездесті.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт сарайында ұйымдастырылған кәсіпқой бокс кешінде біздің қыз 34 жастағы қарсыласында кеткен есесін қайтарып, жерлестеріне жеңіс сыйлады. Атап өтейік, жекпе-жек басталған сәттен-ақ Лукас толық басымдық танытып, қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Оның соққылары дәл әрі жойқын болды. Нәтижесінде, кездесу төрешілердің шешімін күтпестен, мерзімінен бұрын аяқталды.

Дәлірек айтқанда, кездесудің алтыншы раундында Даниэлоның бапкерлері өз шәкіртін жекпе-жекке шығарудан бас тартты. Сөйтіп, 28 жастағы қазақстандық спортшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Шын мәнінде, бұл жеңіс — Ангелинаның тек чемпиондық белдігін ғана емес, сонымен қатар оның шеберлігі мен мықты дайындығын дәлелдеген маңызды сәттердің бірі болды. Осылайша, Ангелина Лукас IBO (халықаралық бокс ұйымы) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын кезекті рет сәтті қорғап, қазақ боксының беделін аспандатты. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жерлесімізді лайықты жеңісімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Естеріңізде болса, осы жылдың сәуір айында жерлесіміз биыл абсолютті әлем чемпионы атағы үшін Габриэла Фундораға қарсы жекпе-жекке шығатынын мәлімдеген еді. Ол өз сөзінде келіссөздер басталғанын, өзін ресми түрде абсолютті чемпиондыққа міндетті үміткер екенін айтқан. Енді міне, туған топырағында өткен спорт бәсекесінен соң журналистерге берген сұхбатында дәл осы сөзін қайталады.

Айта кетейік, жерлесіміз бұған дейін 15 рет жеңіске жетті. Оның ішінде 8 мәрте қарсыластарын сұлатып түсірсе, тек бір рет жеңіліске ұшырады. Өзі айтқандай, ол алдағы уақытта АҚШ-тың 23 жастағы боксшысынан айласын асыруды көздеп отыр. Ендеше, тараздық талантқа тек сәттілік тілейміз!

 

Есен ӨТЕУЛІ