Шын шеберге жол ашық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осы орайда әр аймақта ауқымды жұмыстар жүзеге асып жатқанына куәміз. Осы ретте облыс әкімдігі білім басқармасының «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы» мекемесі мен Жамбыл жоғары медициналық колледжінің ұйымдастыруымен «Медициналық және әлеуметтік күтім» құзыреттілігі бойынша «MEDSKILLS ZHAMBYL – 2025» облыстық кәсіби шеберлік чемпионаты өтті. Іс-шараны «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы» мекемесінің басшысы Айбар Сапарғали ашып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың бірінші кезеңі бойынша «Жанға шипа, жүрекке жылу сыйлайтын мейіргер» атты үй тапсырмасы берілді. Бұл орайда қатысушылар «Мейірімділік» ұғымының мәнін ашып беруі шарт. Олар дайындықтарына қарай мүмкіндіктерін көрсетіп жатты. Яғни, бұл жерде науқасқа көрсетілетін жәрдемнен бұрын мейірбикенің жылы қабағы, қамқорлығы, жылы сөзі маңызды екенін байқаймыз.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бірінші жүлдесін Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Әдемі Марат иеленсе, оның әріптесі Аружан Сатылған екінші жүлдеге лайық деп танылды. Үздік үштікке «Тараз – Болашақ» жоғары колледжінің студенті Назерке Абдиахман да кіріп, үшінші жүлдені иеленді. «Шебер мейіргер» аталымы «Тараз – Болашақ» жоғары колледжінің студенті Жанел Рыскелдіге, «Үздік күтім мейіргері» аталымы «Әлем» кәсіби білім колледжінің студенті Ақмаржан Тұрғанбайға берілді.
Жамбыл жоғары медициналық колледжінің директоры Жәмила Сарыбекова және қазылар алқасы жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттады. Бұл байқау өңірімізде денсаулық саласына сапалы қызмет ететін жас мейірбикелердің қалыптасып келе жатқанын байқатты.
«MEDSKILLS ZHAMBYL – 2025» облыстық кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпазы Әдемі Марат биыл қыркүйек-қазан айында Талдықорған қаласында, Талдықорған жоғары медициналық колледжінің ұйымдастыруымен өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алады.
Есет ДОСАЛЫ