Қоғам

Облыста 26 мыңнан аса жұмыссыз тіркелген

The final spritzer

Елімізде жұмыссыздықты жою мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Биыл «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 55 179 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып, осы жылдың 25 мамырына дейін 20 199 адам әртүрлі шараларға жолданған. Яғни, жылдық жоспар 36,9 пайызға орындалса, оның ішінде тұрақты жұмысқа 5 870 адам орналастырылған.

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильдігі орталығы» мекемесінің директоры Серік Әлібековтің айтуынша, Жұмысшы мамандықтары жылына орай бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері мен ашық есік күндері жиі өткізілуде.

Жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген мамандарға арналған курстар Skills.enbek.kz тікелей сілтемесі арқылы немесе электрондық еңбек биржасынан «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы оқуға қол жеткізуге болады. Биыл 3200 адамды әртүрлі мамандық бойынша онлайн оқыту жоспарланып, осы айда 2113 адам оқыған.

Қазақстан Республикасының тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 192 жоба, оның ішінде 2732 жұмыс орны бекітілген. Осы айда электронды еңбек биржасында облыс бойынша 34 жоба енгізіліп, 161 жұмыс орындары ашылған. 60 мердігер тарапынан жарияланған бос жұмыс орындарының саны 298 бірлікті құраса, оларға 161 адам жұмысқа орналастырылыпты. Жұмысқа орналасқан 161 адамның 34-іне зейнетақы жарналары аударылған.

Биылғы І тоқсанда облыстағы жұмыссыздар саны 26152 адамды құраған. Облыста мүгедектерді жұмыспен қамту мақсатында мекемелерге 101 адамды квота бойынша жұмыспен қамту бекітіліп, 28 адам жұмыспен қамтылған. Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушіге 55 жұмыс орны қарастырылып, 35 азамат жұмысқа орналастырылған.

Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды жұмысқа орналастыру үшін 7 жұмыс орны қарастырылып, 5 азамат жұмысқа тұрған. Елімізде жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы бар. Осы бағдарламамен өзге өңірлерге облысымыздан жыл басынан бері 1 отбасы, 7 адам қоныс аударды. Отбасы мүшелері толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидиялар төленіп, олар жалдамалы тұрғын үймен қамтылған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА