Мәдениет

Кітапханашыларымыз «Рухани қазына» фестивалінің жеңімпазы атанды

The final spritzer

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Рухани қазына – 2025» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалінің қорытындысы бойынша облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Айрықша қажеттілігі бар азаматтарға арналған үздік кітапхана» номинациясында бас жүлдеге ие болып, 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы көз жанарынан айырылса да көңілмен тоқып, жүрекпен сезінетін жандарды қоғам өмірінен тысқары қалдырмай, түрлі ақпараттармен қамтамасыз етіп келеді.

Кітапхана қазіргі таңда инклюзивті бағытта 13 жобамен жұмыс жасап отыр. Арнайы кітапхана ұжымы смартфон бағдарламаларын пайдалана отырып «Мобильді кітапхана» жобасын қолға алды. Үш бағыттан тұратын жоба республика бойынша алғашқы болып мүмкіндігі шектеулі зағип балалар мен жасөспірімдерге әдеби шығармаларды қолжетімді етіп, зағип балаларға оқуға, тыңдауға ыңғайлы болу мақсатында 4 форматты инклюзивті ертегі кітаптарын шығарды.

Бұл формат арқылы зағип балалар ертегілерді көру қабілеті бар балалармен тең дәрежеде оқуға, тыңдауға және сезінуге мүмкіндік алды. Кітаптың соңғы нұсқасын смартфонмен QR енгізу арқылы аудио нұсқада өз бетінше тыңдай алады.

Ертегілердің барлығы кітапханашылардың даусымен арнайы кітапханада ашылған аудио студиода жазылған. Аталған жоба аясында жас деңгейіне қарай әлеуметтік мекемелер мен зағиптар орналасқан білім мекемелеріне виртуальды кітап сөрелері орнатылды.

Қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалар жинағы оқырмандар сұранысына қарай және айына бір кітапхананың студиясында дыбысталып ауыстырылып отырады. Осындай бірқатар игіліктерді іске асырған аймақ кітапханашыларының еңбегі ел аумағында ерекше еленіп, жеңімпаз атанды.

 

Aq jol-Aqparat.