«Әкемнің аты Ақордада аталды»

Әулиеата топырағында жүргенімен жалпы елімізге танымал әншінің бірі – Мәдениет саласының үздігі Мадина Сағынбекова. Жақында өткен Мәдениет және өнер қызметкерлері мерекесі қарсаңында Мадина Жақсылыққызы Астанаға шақырылып, Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алғаны белгілі. Біз танымал әншімен жүздесіп, сұхбаттасқан едік.
– Сізді жұрт жезтаңдай әнші ретінде таниды. Сұхбаттарда әкеңіз туралы көп айтасыз. Жалпы бала күндеріңізге, өнер жолыңызға тоқталсаңыз...
– Әдебиет пәнін өте жақсы көрдім. Шамамен алтыншы-жетінші сыныптардан бастап ұйқастырып өлең жаза бастадым. Ол талпынысыма білім саласында еңбек ететін, әдебиет пәнінен сабақ беретін Жақсылық әкем ерекше қуанды. Асқар тауымның домбыра тартатыны, анам Бегімкүлдің Абай шығармашылығынан «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін қоңыр дауысымен шырқайтыны бар еді. Сол әншілік қанмен маған ауыса бастаса керек. Тақылдап ән айтатыным да осы кезден басталды. Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл!» әнін әкемнен үйрендім. Әкем алғашқы өлеңдеріме қуанып, аудан орталығы Ақкөл ауылында тұратын белгілі айтыскер Шорабек Айдаровқа ертіп барды. «Мынау қыз сенің шәкіртің болсын, Шөке» деді. Айтыскер ағамыз қарсы болған жоқ. Тәрбиелей бастады. Аудандық, облыстық оқушылар айтысына қатыстырды. Бәрінен жүлде алдым. Күндердің күнінде ұстазым бір бөлмеге мені қамап, өлең жазуды тапсырады. Өзі бөлменің сыртынан әрі-бері өтіп байқаса, мен түрлі әуендерді домбырамен тартып отырады екенмін. Айтыс үшін әуен деген де маңызды екен сөйтсем. Ал өлеңді қатырып жазбаппын. Сонда Шорабек аға: «Мадина, сен айтысқа қарағанда әншілікке бейім екенсің. Қабілетің солай бұрылып тұр», – деді. Содан 1991 жылы Жамбыл мәдени ағарту училищесіне түсіп, мәдениет және өнер колледжі болған кезде музыка және өнер бөлімін қызыл дипломмен аяқтадым. Студент кезімнен республикалық «Жас Қанат», Шәмші Қалдаяқов атындағы ән байқауларына қатысып, жүлдегер, дипломант атандым. Байқаулар мені шыңдады. Дүйсенбек Өмірәлиев, Есенбек Сәтбаев ағалар сабақ берді. Колледж бітірісімен ешкімге айтпай Алматыға Қыздар педагогикалық институтының музыкалық білім мамандығына түсіп кеттім. Бірақ Алматыда оқуыма әкем қарсы болды. «Қыз балаға қиын. Алыс жер» деді. Түсіп тұрған жерімнен құжатымды алып, Таразға қайттым. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің музыкалық білім мамандығын екінші курстан жалғастырдым. Жоғары білімді осылайша «Музыка пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша алдым. Содан санадағы бұзылмайтын тәртіп бойынша 6 ай Талас ауданы, Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы гимназиясында мұғалім болдым. Содан тұрмысқа шығып, Тараз қаласына ауыстым. Жамбыл политехникалық колледжінде мәдениеттану пәнінен сабақ беріп жүрген жерімнен 2001 жылы Кенен Әзірбаев атындағы филармониясының директоры Сейітқасым Түктібаев шақырды. Содан бері 25 жылға жуық уақыт филармонияда еңбек етіп келе жатырмын.
– Әншілерге сын көп айтылады. Фонограмма туралы да талас көп. Былтыр еліміздің бірнеше өңірін су басқанда әншілер қауымы да қарап қалған жоқ. Жалпы, өнер адамының, әншілердің қоғамда белсенділігі қалай болуы керек? – Қазақ «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді. Сынды дұрыс қабылдаймын. Өз басым бірнеше аспапта ойнап, еркін дауыста ән сала беремін. Былтыр су тасқыны кезінде бірқатар облыстарға ұжым болып көмегімізді көрсеттік. Одан бөлек кейбір көмекті қажет ететін кісілерге қол ұшын беріп тұрамын. Оның бәрін айқайлап айта бермейміз. Өнер адамы әрқашан белсенді, өзгелерге үлгі болуы керек.
– Мемлекеттік марапат – «Ерен еңбегі үшін» медалін Президенттің қолынан алдыңыз. Жалпы, Ақордаға кіргенде қандай әсерде болдыңыз?
– Мен өмірде үнемі жолы болған адаммын. Алдымнан ылғи жақсы адамдар жолығып, оң бағыт беріп отырды. Сол жақсы адамдардың тілегі мені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының алдынан бір-ақ шығарды деп ойлаймын. Облыс бойынша әншілер арасында Президенттің қолынан марапат алған тарихи адам мен екенмін. Ниетім, пейілім, еңбегім шығар. «Мадина, жарайсың! Сенің әкеңнің аты Ақордада аталды ғой», деп белгілі әнші Бақыт Шағырбаев ағам ағынан жарылып құттықтады. Белгілі кәсіпкер Талғат Жолтаев «Мадина, Президенттің қолынан марапат алуың – облыстың, сені білетіндердің бәрінің мәртебесі», – деді. Әбиірбек Қонысбаев аға әлеуметтік желіге жазып, сүйіншіледі. Ақордаға кірген сәтімнің әсері бөлек. Айнала тегіс аппақ болып нұрланып тұрғандай көрінді. Осындай Отаным, елім, Ақордам барына қуандым. Қазақстанның Еңбек ері атанған Қайрат Байбосыновпен бірге марапатталдым. «Менің жолымды берсін, қызым!» деп әйгілі Қайрат Байбосынов батасын берді. Тәтті түс көргендей тамаша халде жүрдім. Осы жетістігімді әкем мен анам көрмеді-ау деп ойладым. Бір кем дүние. Тұңғыш Президенттің өз қолымен ұсынған алмасын ауылға апарып, әкем, анам, бауырларыммен бөлісіп жеген сәтім есіме түсті. Мен марапатты сұрап алған жоқпын. Марапат мені өзі іздеп тапты. Атақты іздемеу керек, бірақ сіңірген
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Екі жылдан соң үлкен сахнада жүргеніме 30 жыл толады. Сол іс-шараға дайындықты қазірден бастап кеттім. Президенттің алдынан марапат алуым жауапкершілігімді күшейтті. Мақсатым – елге қызмет ету. Тілеулес болған барша қауымға зор алғысымды айтамын!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.