«Денсаулық бұрышы» тегін дәрігерлік кеңес ұсынды

Мемлекеттің басты құндылығы – халқы десек, адам үшін бірінші байлық – денсаулық. Дені сау ұлттың болашағы да жарқын болмақ. Осыны назарға алған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалы Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен шаһарда «Денсаулық бұрышы» акциясын ұйымдастырды. Кезекті рет өткізілген акция 900-ге жуық адамды қамтыды.
Бұл жолғы акция облыс орталығындағы «Нұрислам» және «Дәмді себет» сауда үйлерінде өткізілді. Акция аясында №6, №7 қалалық емхананың дәрігерлері 500 ге тарта азаматқа медициналық көмегін ұсынып, жалпы тәжірибелі дәрігерлер тұрғындардың қан қысымын, қант және холестерин деңгейін өлшеп, тегін кеңес берді. Сонымен қатар, алдағы уақытта ем-шара қабылдауларына бағыт-бағдар ұсынды. Сондай-ақ, акцияға қатысушылар бой мен салмақ өлшеу мүмкіндігіне ие болды. ؘ
Шара барысында Қор филиалының мамандары МӘМС жүйесінің маңыздылығы туралы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Бұның алдында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы мұндай акцияны MART сауда үйінде өткізген еді. Онда №5 қалалық емхана мен облыстық офтальмологиялық орталығының дәрігерлері 400-ге жуық адамға медициналық кеңес берген болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Қамар ҚАРАСАЕВА