Әлеумет

Еңбектен тапқан бақытын

The final spritzer

Жұмысшы мамандықтары жылына орай студент жастардың өз мамандығының үздігі болуы үшін жастарға еңбекқорлықтың, табандылықтың және кәсіби шеберліктің маңызын түсіндіру қажет-ақ. Осы орайда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыбында кездесу кеші өтті.

Шараға медицина саласының көрнекті өкілі, ҚР Еңбек сіңірген дәрігері, «Отан» орденінің иегері, «Кардиохирургия және трансплантология» ғылыми-клиникалық орталығының жетекшісі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» марапатының, «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісінің, Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық алғысы» медалінің иегері, Қазақстан кардиохирургтер қауымдастығының төрағасы Сейтхан Жошыбаев арнайы қонақ ретінде қатысты. Шара барысында медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты хирург Сейтхан Жошыбаев өзінің өмір жолы, мамандыққа деген сүйіспеншілігі, еңбек арқылы жеткен жетістіктері жайында әңгімелеп, студенттермен еркін форматта пікір алмасты. Сонымен қатар, жастар өз сауалдарын қойып, жауап алды, еңбекқорлық пен табандылық туралы тың ақпараттар айтылды.

Қазақ ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Бәріне қанағат қыл да, еңбек ет» деген болатын. Елімізде адал еңбегімен, маңдай терімен өз несібесін теріп, нәпақасын табатын еңбектің адамдары аз емес. Сондай азаматтардың қатарын адал еңбегімен толықтырып, ел алғысына бөленіп жүрген медицина саласының майталманымен жүздесу барысында жалынды жастар да көкейлеріндегі көп сауалдарына тұщымды жауап алды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА