Мәдениет

Шерхан Мұртаза аудиториясы ашылды

The final spritzer

Жерлесіміз, шындықты шырқырап айтқан нар тұлға Шерхан Мұртаза есімі ешқашан ұмытылмайды. Кеше Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен Шерхан Мұртаза атындағы аудитория ашылды. Шераға атындағы дәрісхананың еліміздің іргелі оқу орнынан ашылуы да заңдылық. Енді бұл аудитория болашақ журналистерді, әдебиеттанушыларды, филологтарды кәсіби шыңдайтын шеберханаға айналмақ.

Облыс әкімі аудиторияны заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтап берді. Мұнда студенттердің білім алуына, ізденуіне толық жағдай жасалған. Әуелі сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жазушы аудиториясының талай талантты жасқа қазыналы орын болатынын айта келіп, жақсы бастаманы қолдаған Жамбыл облысының әкімдігіне алғыс білдірді.

Сонымен қатар Уәлихан Қалижан, Жарылқап Бейсенбайұлы бастаған қаламгерлер, ғалымдар, Парламент Сенатының, Парламент Мәжілісінің депутаттары, республикалық басылымдар мен телеарналардың басшылары да Шерхан Мұртаза туралы тебірене сөз сөйледі. Жақсы адамның есімін ұлықтаған жақсы күн алдағы уақыттарда талай жастардың білімді, парасатты тұлға болып қалыптасуына шамшырақ болсын деп тілейміз!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА