Аймақ

Жас талант – ел ертеңі

The final spritzer

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев білім мен ғылым бәйгесінде толайым табысқа қол жеткізіп жүрген жамбылдық дарынды оқушылармен кездесті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараның басты мақсаты – жас өрендердің білім, ғылым, өнер мен спортқа деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ талантты жастарға лайықты қолдау көрсету. Айта кетейік, жыл басынан бері әулиеаталық оқушылар халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 464 медаль иеленіп үлгерді. Мұндағы 77 жүлде халықаралық білім жарыстарының медалі. Бұдан бөлек жерлестеріміз республикалық олимпиада қорытындысы бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленсе, 16 жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар жарысында «Ең үздік команда» атағын сәтті қорғап келеді.

Еркін форматта өткен кездесу барысында аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ұйымдары мен ұлағатты ұстаздар ұжымына зор сенім артып отырғанын баса айтып, жергілікті атқарушы билік тарапынан өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Ол өз сөзінде биыл өткен түрлі деңгейдегі байқауда 100 ден астам оқушының бақ сынауы, оның ішінде 76-сы жеңімпаз атануы – өңір үшін мақтаныш екенін атап өтті.

Бұдан кейін дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей интернатының 10-сынып оқушысы, жас тарихшы Қанат Бақытжанұлы сөз алып, талантты замандастарына қай кезеңде де қолдау білдіретіндігі үшін облыс басшылығына шынайы ризашылығын білдірді. Ал Меркі ауданындағы №14 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Ержан Болатұлы білімді бозбалалар алдағы уақытта өңір намысын лайықты қорғайды деп сендірді. Тоқтала кету керек, меркілік дәл осы оқушы республикалық «Абай оқулары» шығармашылық байқауында ұлы ақынның 200 өлеңі мен 3 поэмасын жатқа оқып, үздік деп танылған еді.

Бұдан бөлек киелі Түркістанда түндігі түрілген «Дала данышпандары» байқауында алтыннан алқа тағынған жігіт. Кездесу соңында дарынды оқушылармен емен-жарқын әңгімелескен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев олардың болашағына сәттілік тілеп, 100 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Сонымен қатар бұл күні өңірлік білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін бірқатар мұғалімдер «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіне және облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

 

Есен ӨТЕУЛІ