Бірлік пен татулық – ел тірегі

Кеше аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – мемлекет тірегі» Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық бағдарының басты негіздері» тақырыбында ХХVІІІ сессиясы өтті. Жиынға түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, Ассамблея мүшелері мен құрылымдары, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партия өкілдері, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Басқосуды өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы ашып, жүргізіп отырды.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында ел тәуелсіздігінің жетістігі сараланып, болашақта бағыт берер тың бастамаларды ұсынған маңызды алаңға айналғанын жеткізді. Сондай ақ ол Президент айқындап берген тапсырмаларға жіті тоқталып, межелі міндеттерді іске асыруда барлық әлеуетті тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты.
Мұнан соң сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының меңгерушісі Қуаныш Мамашев сессия қатысушыларына қоғамдық даму мен бірлікті нығайтуда күш-жігерді біріктіру – ортақ мақсаттарға жетудің кепілі екенін жеткізіп, келер жылы «Салауатты сана» жобасы аясында республикалық деңгейде семинар өткізуді ұсынды. Сондай-ақ жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Радонеж» орыс қауымдастығының өкілі Евгений Кравчук «Бірлігі мықты жастар – болашаққа жол бастар» тақырыбында жамбылдық Ассамблея жастарының толайым табыстары туралы мәлімдеді.
Бұдан бөлек облыстық мәслихат жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» депутаттық тобының жетекшісі Жанат Бастаубаева өңірлік Ассамблеямен бірлесе атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, ұсыныс-пікірін білдірді. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы облыстық іргелі ұйымның жұмысы – қоғамдағы ынтымаққа және еліміздегі саяси бастамалар мен бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына қызмет ететінін айтып, сессия шешімдерімен таныстырды. Маңызы мол шарада өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл» төсбелгісі, сондай-ақ аймақ басшысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Сессия соңы өңірлік Ассамблея өнерпаздарының шығармашылық концертіне ұласты.
Онда «Достық» жастар театры Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» драма қойылымын сахналаса, «Бозторғай» би ансамблі «Қазақ» биін көпшілік назарына ұсынды. Ал Қордай аудандық «Отечество» славян этномәдени бірлестігінің «Соседушки» халықтық вокалдық ансамблі және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өнерпаздарынан құралған әншілер тобы ән-жырдан шашу шашты.
Есен ӨТЕУЛІ