Білім

Абай мұрасы насихатталуда

The final spritzer

Қазақ халқының ұлы ойшыл ақыны, данышпан Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы елдік деңгейде кең көлемде аталып өтуде. Жыл бойы жалғасатын мерейтойлық іс-шаралар хәкім Абайдың ұрпаққа қалдырған мол мұрасын ұлықтау, сол арқылы жас буынға рухани бағыт-бағдар беруді көздейтіні анық. Жалпы Абай атамыздың шығармалары мен қара сөздері адам бойына адамгершілік, білім, еңбекқорлық секілді басқа да құндылықтарды сіңіретін құнды мұра. Сондықтан да ұлт ұрпағына Абайды таныту, Абай шығармаларын оқыту мақсат етілген.

Осы тұрғыдан алғанда Тараз қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы №27 орта мектеп ұжымы да биылғы оқу жылында мерейтойға ерекше мән беріп, бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырғанын айта кетуіміз керек. Әсіресе оқу жылының аяқталар тұсында мектептің «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Лингво» бірлестіктері тарапынан мазмұнды әдеби кештер мен танымдық іс-шаралар өткізіліп, оқушылардың ой-өрісі рухани байлықпен толыға түсті. Атап айтқанда, аталған орта мектепте «Ұлы дала ұлысы – Абай» атты әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде өткен еді.


Әдеби кештің шымылдығы Абай өлеңдерін мәнерлеп оқумен ашылды. Оқушылар ақынның кең тынысты лирикалық туындыларын жатқа оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар Абай әндері шырқалып, сахналық көріністер мен би қойылымдары көркем кештің мазмұнын байыта түсті. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» секілді шоқтығы биік әндер көрермен жүрегіне жол тапты.
Іс-шара аясында Абай шығармаларына қатысты сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылып, оқушылар ақын өмірі мен туындылары жөніндегі білімдерін ортаға салды. Кештің ең бір ерекшелігі – Абай өлеңдерінің өзге тілде де оқылуы болды. Бұл – ақын мұрасының шекарасыз екенін дәлелдеген ұтымды сәттердің бірі еді.


Аталған кештің жоғары деңгейде өтуіне мектептің белсенді ұстаздары зор еңбек сіңірді. Әсіресе, «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Лингво» бірлестіктерінің мүшелері Д. Сейдахова, А. Алдоңғарова, Т Джармухамедова, М. Кушербаева, Б. Қалыбаева, Г.Момынкулова сынды ұстаздар ұлы ойшыл мұрасын дәріптеу жолында аянып қалмады. Олар оқушылармен дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп, әрбір эпизодтың мазмұнды әрі көркем болуына баса назар аударды. Ұлы Абай атамыздың:
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?», —деген сөзі бар.
Иә, расында да ұлы тұлғаларымыздың ұрпаққа қалдырған өсиеті, әсіресе Абай атамыздың құны биік мұралары ұлт ұрпағымен бірге мәңгі жасай беретіні анық.

Ақнұр СҰЛТАНБЕК, 

оқушы