Таразда «Қолөнершілер үйі» креативті хабы ашылды

Тараз қаласында екі күнге жоспарланған креативтік индустрия өкілдері форумы креаторларға арналған акселерациялық оқытулардан басталды. Бұл шеберлік сабақтары Тараз қаласындағы «Аcпара» колледжінің базасында өтті. Форум жұмысына серпін беріп, өтуіне ықпал еткен аталған сән колледжінің директоры, Азия-Тынық мұхиты бойынша Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің вице-президенті Айдархан Қалиев екенін айта кеткеніміз жөн.
Әуелі біз алматылық білікті маман Наталья Лемешконың керамикамен жұмыс, киізден бұйым жасау бойынша шеберлік сабағына куә болдық. Бұл сабаққа 65 қолөнерші қатысты. Ал былғарыдан бұйымдар жасау бойынша Алматы облысынан келген Дәулет Дәркембайұлы шеберлік сабағын өтті. Ол шетелде өткен халықаралық көрмелерде «Кісе белбеу», «Кемер белбеу» секілді қолтума бұйымдар жасап, резонанс тудырған Дәркембай Шоқпаровтың ұлы. Дәулет те – халықаралық байқаулардың жүлдегері.
Біз бұл топтан «Қолөнер Тараз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Құндызбаеваны, суретші Қазым Аманқосовты кездестірдік. Қазым бұл сабақта 8 өрім қамшы өру әдістерін үйреніп жатқанын айтты. Ер, ат әбзелдерін соғумен шұғылданатын меркілік шебер Қуантай Жүнісбеков те шеберлік сабағына қатысты. Өзінің цехы бар Иргаш Аманқосовтың да үйренері көп.
Қышпен жұмыс бойынша Оксана Красенко шеберлік сабағын жүргізді. Бұл сабаққа басқа да мамандармен бірге Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің көркем қыш пәнінің оқытушысы Тұрар Әбуман да қатысты.
Ал төртінші топта қолөнершілер ою-өрнектер бойынша шеберліктерін арттырды. Бұл сабақты «Аспара» колледжінің мамандары жүргізді. Үйренуші Эльмира Жантаева «Қобыз» деген еңбек бойынша ізденіп, оған өзінше идея қосып жатқанын айтты. Ал өз шеберлігін дамытуға келген қолөнерші Аманкүл Жантаева 76 жаста. Бұл жерде үйренудің ешқашан кеш емес екенін түсіндік. Қолөнер шебері Анар Бексұлтанова аяғымен ою жасап ерекшеленуде. Жуалылық Әсел Төлепберген мен Жаңатас қаласынан келген Гүлмира Мәлімбаеваның өнерді үйренуге деген талпынысы жоғары. Осылайша, шеберлік сабақтарының сәтті өткеніне куә болдық.
Форумның екінші күні Тараз қаласы, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Қолөнершілер үйі» креативті хабының ресми ашылуымен басталды. Бұл – Таразда креативті индустрияны дамытуға бағытталған маңызды оқиға. Аталған іс-шараның лентасын облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, «Алматы қолөнер палатасы» қоғамдық қорының вице президенті Дәмелі Жанашева, «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығының президенті, Азия-Тынық мұхиты бойынша Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің вице-президенті Айдархан Қалиев қиды. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қонақтармен бірге ғимаратты аралап көріп, қолөнершілердің жұмысымен танысты.
«Қолөнершілер үйінде» бүгінгі күні «Өшпес Мұра», «Қолөнер-Тараз», «Қолөнершілер Одағы», «Шебер Шаңырақ», «Альянс-Тас Шебер» сынды қоғамдық бірлестіктер мен 190-ға жуық қолөнерші жұмыс істейді. Мұнда шеберлерге кәсібін дамыту, өнімдерін коммерцияландыру және жастарға тәжірибе беру мүмкіндіктері қарастырылған. Олар қолөнер саласын жан-жақты дамытуға күш салуда. Баршасының жұмыстары көңілге қонымды.
Серік Жақсылықұлы барлық қолөнер шеберлеріне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыс тілеп, әкімдік тарапынан үнемі қолдау болатынын жеткізді. Мұнан соң көркемсурет галереясында креаторлар форумы басталып, жиналғандар алдында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйледі.
Мұнан соң Дәмелі Жанашева, Айдархан Қалиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, «Жамбыл облысының Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастан сөз сөйлеп, қолөнершілерді қолдауға қатысты ойларын айтты.
Жиын соңында қоғамдық бірлестік төрағаларына арнайы сертификат берілді. Жиынды Серік Сәлемов қорытындылап, қонақтар мен барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Мұнан соң креаторларға арналған акселерациялық оқыту сабақтары жалғасып, шеберлік сабағына қатысушыларға арнайы сертификат табысталды.
Есет ДОСАЛЫ