Тараздық оқушылардың 70 пайызы лагерьге барады

Облыс орталығы – Тараз қаласында биыл 9 және 11-сыныпты 12 214 оқушы бітіреді. Жылдағыдай мектеп түлектерінің жоғары оқу орындарына түсуі үшін тест тапсыруға қаңтар, наурыз, мамыр, шілде және тамыз айларында өтетін 5 мүмкіндік берілген. Оның ішінде үшеуі ақылы болса, екеуі мемлекеттік білім беру гранты үшін тапсырылатын тест.
Осы жылы ақылы өткізілген қаңтар айындағы тестілеуге мектеп бітірушілердің 76 пайызы, наурыз айындағы тестілеуге 64 пайызы қатысты. 16 мамырда басталған мемлекеттік білім беру гранты үшін өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге 3 902 түлектің 3 240-ы өтініш беріп, екі мүмкіндік бойынша тест тапсыратын болады.
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың мәлімдеуінше, биыл тестілеу «Қарасу» мөлтекауданы, №5А мекенжайында орналасқан Ұлттық тестілеу орталығының Тараз қаласындағы филиалында өтуде. Бір күнде екі ауысыммен 490 оқушы тест тапсырады. Оқушылардың жазғы демалысқа шыққан сәтін пайдаланып, білім беру мекемелерінде жөндеу жұмыстарын жүргізу – жылдағы дәстүр.
Биылға №7, 15, 27 мектептердің жанынан жапсарлас ғимарат, №1, 13, 25, 45, 54 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жоспарланған. Бүгінгі күні №7, 15 мектеп-гимназияларда 300 орынды жапсарлас ғимарат құрылысы мен №25 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қалған 5 мектептегі жұмыстар оқу жылы толық аяқталғаннан кейін басталатын болады.
Айта кетейік, қала сыртындағы лагерьге баратын оқушылардың 1 488-і «Тау самалы» лагерінде 7 кезеңмен, 1 212-сі «Болашақ» лагерінде 4 кезеңмен демалмақшы.
Қамар ҚАРАСАЕВА