Білім

2024-2025 оқу жылы несімен есте қалды?

The final spritzer

Міне, тағы бір оқу жылы қорытындыланды. Мектеп түлектері 11 жыл бойы алған білімдерін сынға салып, өмірдің жаңа белесіне аяқ басқалы тұр. Өткен күннің еншісіне енгелі тұрған 2024-2025 оқу жылы несімен есте қалмақ, мектеп бітірушілер қандай пәндерден емтихан тапсырады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Биыл облысымызда 714 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болса, 990 мектеп бітіруші «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Айта кетейік, «Алтын белгі» аттестаттарын алуға үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия қарайды. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, 9-сынып оқушылары 4 пәннен – математика, қазақ/орыс тілі, таңдау пәні, оқыту тілдеріне қарай қазақ тілі немесе орыс тілінен 29 мамыр мен 10 маусым аралығында қорытынды мемлекеттік емтихан тапсырады деп жоспарланған. Ал 11-сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында 5 пәннен, яғни Қазақстан тарихы, математика, қазақ/орыс тілі, таңдау пәні, оқыту тілдеріне қарай қазақ тілі немесе орыс тілінен мемлекеттік бітіру емтиханынан өтеді.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, өткен жылы тұңғыш рет барлық мектептерде оқыту тіліне қарамай қазақ тілі және әдебиет пәнінен аралық емтихандар енгізілген. Аралық емтиханды 5, 6, 7, 8, 10-сынып оқушылары 27-31 мамыр аралығында тапсырады. Бұл емтиханның мақсаты – оқушылардың мемлекеттік тілді оқып үйрену деңгейін анықтау және білімдерін шыңдауға дағдыландыру.

Ал, 2024–2025 оқу жылының жетістігіне тоқталсақ, ол – халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда облыс атынан қатысқан оқушыларымыздың үздіксіз жүлдемен оралуы. Республикалық ғылыми жобалар байқауында 35 оқушы жүлдегер атанып, өңір командасы «Ең үздік команда» деп танылды. «Зерде», «Ғылым әлемін ашамыз», Өмірбек Жолдасбеков атындағы және өзге де халықаралық конкурстарда жүзден жүйрік шыққан жастар түрлі медалдарға ие болды.

Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадаларда облыс оқушылары 32 жүлде жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленді. «Білім-Инновация» лицейінің, №41 және №5 гимназиялардың оқушылары еліміздің, ТМД және халықаралық жарыстарда топ жарып, ІТ, STEM, робототехника, информатика, өнер мен көркемсөз байқауларында жоғары нәтижелер көрсетті. «Мың бала» ұлттық олимпиадасында кейінгі үш жылда 357 ауыл оқушысы жеңімпаз атанып, олардың 268-і мамандандырылған мектептерге қабылданды. «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN – 2024» чемпионатында облыс студенттері «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша бірінші, «Бизнестегі ІТ шешімдер» құзыреттілігі бойынша үшінші орын және 11 медаль алды. Бұл – жамбылдық ұстаздардың еңбегі мен оқушылардың табандылығының нәтижесі.

Әлеуметтік қолдау – жастарды жұмысшы мамандықтарына ынталандырады

Облыста 42 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 28 219 студент білім алуда. Бұл оқу орындарының 20-сы мемлекеттік, 22-сі мемлекеттік емес колледждер. Осы оқу орындарынан биыл 7 248 түлек еңбек нарығына бет түзегелі отыр. Олардың ішінде 3 880 студент мемлекеттік тапсырыспен білім алған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.