Дарынды балаларға - даңғыл жол

Биыл да оқу жылын дарынды оқушылардың жетістіктерімен мақтана қорытындылап отырмыз. Дарынды оқушыларымыз биыл халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 464 медальді иеленсе, оның ішінде 77 медальді халықаралық білім жарыстарында алды. Талабы биік балаларға облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы даңғыл жол ашып отыр десек, артық болмас. Себебі, білім, ғылым және өнер байқауларында топ жарған оқушылардың бірқатары дарынды балаларға арналған білім беру мекемелерінің білім алушылары.
Облыс әкімдігі білім басқармасы «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Майра Есеналиеваның айтуынша, 2020 жылдан бастап «Ел үміті» корпоративтік қорының бастамасымен «Мың бала», «Қабілет» қызметі жобалары іске асырылып келеді. Ауылдық жерлердегі оқушылардың дарыны мен қабілетін қолдау мақсатында «Мың бала» ұлттық олимпиадасына кейінгі үш жылда қатысқан 32 мың оқушының 467-сі жеңіске жеткен. Қазіргі күні 318 оқушы мамандандырылған мектепке орналастырылған.
Өткен жылы қазақстандық оқушылар ең беделді 7 халықаралық олимпиадада 26 медаль жеңіп алған болатын. Соның ішінде 2 жас өрен өз облысымыздың оқушылары. Олар – Сабыр Жомарт пен Шарел Марғұлан. «Дарын» лицей-интернатының оқушысы Сабыр Жомарт географиядан Сербия Республикасының Белград қаласында өткен Еуропалық олимпиадасында және Ирландияда өткен халықаралық олимпиадада қола медалді иеленді.
«Білім-Инновация» лицей интернатының оқушысы Шарел Марғұлан математика пәнінен Ұлыбританияның Бат қаласында өткен халықаралық олимпиадада күміс медаль иеленді. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары 5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы сыйақымен марапатталды.
Елордада Дүниежүзі тарихынан өткен олимпиадаға «Білім-Инновация» лицей интернатының оқушысы Қанат Нұрқанат қатысып, абсолюттік чемпион атанып, Франция астанасы Парижге жолдама алды. Тараз қаласындағы, №13 орта мектебінің оқушысы Бекарыс Қуанышев философиядан Италияның Бари қаласында өткен халықаралық олимпиадаға қатысты.
Ташкент қаласында өткен математика және информатика пәндерінен үшінші халықаралық Әл-Хорезми олимпиадасына «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Айдайбек Абдурахман қатысып, күміс медальді олжалады.
Қамар ҚАРАСАЕВА