Неге алдана береміз?

Жақында қаржы пирамидаларының жаңа тізімі шықты. Қанша жерден полиция басқармасы «алаяққа алданбаңыздар!», – деп видеороликтер көрсетіп, жадынамалар таратқанымен,қаржылық алаяқтардың құрған схемасын анықтағанымен, бәрібір қарапайым халық қаржылық алаяқтықтың құрбаны болуда. Қарап тұрсаң, көзі ашық, оқыған адамдар. Бірақ ертегіге сенгендей алаяққа сеніп, миллиондардан айырылып отырғандар жетерлік.
Ешкімді сөкпейміз, табаламаймыз. Себебі өзім де алаяққа алданғанның бірімін. Мені қоя тұрыңызшы, бүгін 6 миллион теңгеге алданып қалған Қалдыбек Қартабаев жайлы баяндайын. Калдыбек Болатұлы қарапайым отбасынан шыққан, Көпбалалы отбасының асыраушысы. Күзетші болып жұмыс істейді. Таза еңбегімен тірнектеп жинаған ақшасын белгісіз тұлғаларға алдырып қойған. Нақтырақ айтсақ, алаяқтарға 6 миллион 319 мың теңгеге алданған. Бұл қалай болды дегенімізде ол кісі былай жауап берді.
Сонымен, бұл азамат 2023 жылдың 10 шілдесінде Тараз қаласының полиция басқармасына арыз жазған. Жәбірленуші деп тану туралы қаулының негізінде тергеу жүргізілген уақытта ай сайынғы төлемақыны уақытша тоқтату мақсатында Kaspi bank-ке де арыз жазыпты. Алайда арызына қанағаттандырарлық жауап ала алмаған. Айтуынша, Тараз қалалық полиция басқармасына арыз тастағалы бері 1 ай уақыт өтсе де, ешқандай жауап жоқ. Амалы таусылған Қалдыбек Болатұлы журналистерден көмек сұрап редакциямызға келді. Іші алай-дүлей болған ол айдың-күннің аманында бала-шағасының аузынан жырып сақтаған ақшасынан айырылып отырғандығын айтып күйінді. Сол мезеттен бері ұйқыдан да, күлкіден де айырылыпты. Отбасымда да күнде ұрыс, аңқаулығымның, сенгіштігімнің кесірінен алаяққа алдандым деп отыр. Полиция басқармасы да өз қолыңмен апарып салғансыз деп, алаяқтың әлемнің қай түкпірінде отырғанын таба алмай жатқандарын айтыпты.
Шындығында, бұл дамыған заманда түрлі техниканың арқасында дауысты да өзгертіп, кез келген адамның жеке ақпараттарын біліп, қоңырау шалып, өзгенің шотындағы ақшаны шешіп алуға болатын деңгейге жеткен. Мұндай қитұрқы әрекетті бостандығынан айырылғандар да, телефон хакерлері де, ғаламтордың тілін керемет түсінетіндер де жасай алады екен. Тіпті бүгінде анаңның, әкеңнің, бауырыңның дауысын салып қоңырау шалатын алаяқтар да бар екен. Әлем өзгерген сайын алаяқтықтың түрлі зымиян түрлері де дамып жатыр ма дерсің. Жәбірленушінің ашуланатыны мынау: қолымдағы түбіртегім бар, қоңырау шалған адамның нөмірі бар, сағаттап сөйлескеніміз, бейнебақылау да тұр. Неге құрықтай алмасқа деп полицияға өкпелі.
Бұл кісіні де түсінуге болады. Қылмыстық Кодекстің 190-бабына сәйкес:
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында агенттік жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдар бойынша ақпаратты тұрақты негізде жаңартып отырады. Қазіргі уақытта тізімге 154 субъект кіреді, олардың қызметі қаржылық лицензияланбаған және реттелмеген. Тізім жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдарын қарау, мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс қимыл негізінде қалыптастырылды. Агенттіктің тізімінде көрсетілген ұйымдармен қаржылық операциялар жасау азаматтар үшін салынған қаражатты жоғалтудың жоғары тәуекелдеріне алып келуі мүмкін. Олар бойынша ақпараттар құқық қорғау органдарына берілген.
Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.Негізінен бұлар бөлшек саудамен айналысып жүрген сияқты көрінеді. Ақырындап клиент тартады, кейбір тауарларға арзан бағаға сертификат береді. Кейде тауарыңды қымбатырақ сатып береміз деген сияқты адамның қызығушылығын тудыратын түрлі амал-айлаларға барады. Осыдан 3-4 жыл бұрын депозит аштырып, сол арқылы керемет табысқа кенелесіз деп алдап келсе, қазір бұл тәсіл өтпей қалды. Өйткені депозит жинау әдісі әшкере болып қойған. Халық енді оған сенбейді. Сондықтан бұлар қазір неше түрлі схеманы ойлап табуда.
Қаржы маманының айтуынша, әр адам «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?», – деп ойлануы тиіс дейді. Бұл өмірде тегін ештеңе жоқ. Осы себепті, неге бөтен адамға күдікпен қарамасқа.
«Айдаладағы адамға жеке деректеріңізді беруге бола ма?» дей келе, бір айдың ішінде елуге жуық адам алданып қалдым деп хабарласатынын айтты. Оның ішінде арыз жазатыны бар, жазбайтыны бар, әйтеуір іс бәрібір ұзаққа созылады екен. Адамдардан мейірім мен қайырым қашып бара жатқан заманда оңай олжаға, маңдай терсіз-ақ табысқа белшесінен батам деу – тәуекелі мен әуресі көп тірлік.
Полиция басқармасына да сұрау салдық. Олар да істің тез арада шешілмейтінін бірден айтты. Себебі жәбірленуші тұлға телефонның ар жағындағы хабарласқан адамға сеніп, өз ақшасын шешіп, оны апарып біреудің онлайн әмиянына салған дейді. Барлығы да арызданушының өз қолымен жасалған тірлігі болып тұр. Анық-қанығын, дәлел-дәйегін таразылау, шешу – уақыттың еншісінде екен. Тараз қалалық полиция басқармасында Киберпол деген атаумен интернет алаяқтық фактілерін тергеумен айналысатын арнайы топ құрылған еді. Біз осы топтың белді мүшесі, аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл, полиция капитаны Шохан Альжановпен сөйлестік.
Соңғы жылдары Үкімет қаржы пирамидаларымен күресу шараларын қолға алса, Ұлттық банк пен құқық қорғау органдары заңсыз инвестициялық схемаларды анықтау және тоқтату бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Соған қарамастан мәселенің әлі де өзекті екенін айта кету қажет. Өйткені алаяқтардың құрбаны болған қазақстандықтардың қатары сейілмей тұр.
Сөзімізді қорытындылай келе, қаржылық пирамидалар Қазақстанда көп жылдар бойы үлкен мәселе болып келгенін айта кету керек. Жоғарыда аталған схемалық жолдар адамдардың тез және оңай пайда табуға деген ұмтылысына негізделген және көбінесе үлкен қаржылық шығындарға әкеліп соғады. Үкімет бұл мәселені шешу үшін шаралар қабылдағанымен, адамдарды осы алаяқтықтан қорғау және кінәлілердің жауапқа тартылуын қамтамасыз ету үшін алда көп жұмыс күтіп тұр.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА