«Қош болыңдар. Жазығым жоқ. Енді қайтпаспын...»

Қазақстандағы қуғын сүргін кезінде сталиндік жазалаушылар жұртшылықты алдау үшін қылмыстық істерді қолдан жасап, өз іс қимылдарына өтірік баға беру арқылы сол кездегі «үштік соттың» үкімімен «шетелдің шпионы», «халық жауы» және тағы да басқа жалған айыптаулар тағып, атты, соттады, жер аударды. Көптеген қазақ отбасының басынан өткен нәубет менің атам Ахмедия Сармолдаевты да айналып өтпеді.
Ахмедия атамыз өз заманының озық ойлы азаматы болған. Ахмедия Сармолдаев қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында 1900 жылы дүниеге келді. Зеректігінің арқасында арабша, латынша, кейін орысша оқып, хат таниды. Атамыздың ұйымдастырушылық қарым-қабілеті, әсіресе сонау 1930-1933 жылдары қолдан жасалған алапат ашаршылықта қынадай қырылып, ауа көшкен ел-жұртты Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, қазіргі Саудакент ауылына орналастырып, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуде айрықша көрінді.
Өлкелік өкіл Ораз Жандосовпен тізе қосып, аштықтан әлсіреген мыңдаған жандарды ажал ауызынан арашалап қалғанын көптеген көнекөз қариялар да, тарихи деректер де айтады. Сарысу аудандық тұтынушылар одағы басқармасының бастығы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін мінсіз атқарған Ахмедия Сармолдаевты Ораз Жандосов 1935 жылы ел астанасына шақырып, Алматы облыстық атқару комитеті жер бөлімінің басшылығына тағайындайды.
Енді ол Сәкен Сейфуллин, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Исаев секілді Алаш қайраткерлерімен үзеңгілес, пікірлес болып, етене жақын қызмет істейді. Алайда саяси қуғын-сүргін репрессияның қанды құрығы отызды енді орталаған Ахмедия атамызды құтқармайды. Алматы облыстық НКВД сі ол кісіні 1937 жылы қыркүйек айында тұтқындап, қараша айында ату жазасына кесіпті. Архив құжатынан атамыздың мәйіті Алматы облысы Талғар ауданының Жаңалық деген жерінде жерленгенін білдік.
Ахмедия атамыздан 2 ұл, 2 қыз қалды. Үлкен ұлы менің әкем Өтебай, одан кейін қарындасы Рсалды, Дариға (Дәкен), кенжесі Өтелбай аға. Рсалды апамыздан атамыздың өткен өмірі жөнінде сұраушы едім. Ол кісі сол кезде 14 жаста екен. Рсалды апамыз есінде қалған үзік-үзік естелігін күрсініп қойып, әңгімелеуші еді. «1937 жылы таң атпай әкемді НКВД-нің адамдары алып кетті.
Бәлкім, әкем қайтып келмесін сезді ме екен?.. «Ал қош болыңдар. Жазығым жоқ. Енді қайтпаспын. Елге қайтыңдар» деп кете барыпты. Ораз Жандосов бізбен көрші тұратын. Қарама-қарсы есіктен ол кісіні де НКВД-нің адамдары алып бара жатқанын көзім көрді» деп еске алушы еді аяулы апамыз. Осылайша қазақтың маңдайалды ұлының бірі Ораз Жандосовпен бірге атамыз Ахмедия да атылып кете барды. Осы оқиғадан соң отбасы қайта Саудакент ауылына қоныс аударуға мәжбүр болады. Атамыз Ахмедия осындай жазықсыз жаланың құрбаны болса, артында қалған әйелі, балалары одан бетер жапа шекті.
Атамыздың тұтқынға алынуы және оның беймәлім тағдыры ұзақ жылдар бойы оның балаларының адамгершілік келбетіне жазылған дақтай еңсесін басып келді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау жұмыстары Сталин өлген кезден басталды. «Жылымық» деген атау, жалпы бұл үрдіс Хрущев өкімет басындағы кезден белең алды. Ахмедия атамыз осы тұста 50-ші жылдары жазығы жоқтығы анықталып, толық ақталды. Осы орайда ерекше бір оқиғаны еске алмасақ болмас. Анамыз айтып отырушы еді.
«Сол 50-ші жылдары ерлі-зайыпты Вяткин деген кісілер бізбен көрші тұрды. Саяси қуғын-сүргін кезінде Балтық жағалауы елінен Қазақстанға жер аударылған екен. Жағдайы төмен, жер кепеде тұрды. Бірақ өте білімді, мәдениетті кісі болатын. Араласып тұрдық. Жақсы қарым-қатынаста болдық. Ол өзінің Прибалтика Республикасындағы Бас Прокурордың орынбасары қызметінде болғанын айтушы еді. Әкесі Ахмедия туралы қандайда бір мәлімет алу үшін әкеміз жоғары жаққа Мәскеуге хат жазбақшы болады.
Осы тұста Вяткин заңнан хабары болғандықтан әкемізге ақыл-кеңес беріп, жөн сілтейді. СССР Бас Прокуроры Рекунковқа, тағы басқа жоғары органдарға хат жолдайды. Осы орайда Вяткин де өзінің жазықсыз жаламен ұсталып, жер аударылғанын айтып, хатты бірге жолдайды. Көп ұзамай Мәскеуден атамыз Ахмедия мен Вяткиннің жазықсыз екені және толық ақталғаны жөнінде жауап хат келеді. Әкеміз Вяткинге ақталғаны жөнінде жауап қағазды апарып береді. Шамалы уақыт өткен соң Вяткиннің әйелі жылап келеді. Не болды екен деп әкең екеуіміз барсақ, жер кепеде темір кереуетте шалқасынан жатқан күйі Вяткин жан тапсырыпты. Кеудесінде ақталғаны жөнінде қағазы жатыр дейді.
Қуғын-сүргіннің, жазықсыз жаланың құрбаны болған жанның жүрегі шыдамаған ғой. «Халық жауының» баласы ретінде әкең көп «құқай көрді». Балалық шағы өте ауыр жағдайда, қиыншылықта өтті. «Бір қиыншылықтың екі жақсылығы бар» дейді Құран кәрімде. Ахмедия атаң ақталғаннан кейін әкең партия қатарына қабылданып, түрлі басшы қызметте болды. Алматыдағы Ахмедия атаңа тиесілі 4 бөлмелі пәтерді Үкімет қайтып берді» деп еске алушы еді аяулы анамыз. Иә, «жақсы әкеден туған ұл тартпай қоймас негізге» демекші, текті әкенің балалары Өтебай да, інісі Өтелбай да басшы қызметтерде болып, Сарысу ауданының қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Жылдар өтті. Арманда кеткен арыстар ақталды.
Бірақ қанша зұлмат болса да тағдырдың қыл көпірінен өткен қазақ түп-тұқиянымен қырылып кетпеді. Уақыт өте келе етек-жеңін жиды, егемен ел атанды. Бірақ қилы кезеңдер, тар жол тайғақ кешулер қазақтың жадында ақтаңдақ болып мәңгі қалды. Бүгінде біз ерен ерлердің нәубет жылдары қара басын емес, халық қамын ойлағанын мақтанышпен сезініп, әрдайым жадымызда түюге тиіспіз. Бізге енді тарихи белестерді бүгінгі күн тұрғысынан пайымдап, әділ бағалау ғана қалды.
Ахмедия Сармолдаевтың өз дәрежесінде бағаланбай, тіпті соңғы уақытта оның есімін елемеуге, тарихи еңбегін тасада қалдыруға тырысатын әрекеттер байқалмай қалып жүрген жоқ.
«Кімде кім өз ұлтын сүйсе, қияметте де Алла тағала оны сол ұлттың сапында тірілтеді» дейді қасиетті хадисте.
Ұлтқа, өз ұлтына қызмет еткеннің әманда жүзі жарқын, жұлдызы жоғары. Ахмедия атамыз дүниеден озса да, артында тағылымды жолы, ізгілікті ісі, өзін қадірлейтін халық қалды. Ахмедия атамыздың сара жолы – ерліктің үлгісі, елдіктің өнегесі. Халқының қамын жеп, ел үшін аянбай еңбек еткен, елі үшін жанын қиған Ахмедия Сармолдаевты ұрпақтары еш уақытта ұмытпайды.
Қайраткер тұлғалардың тағылымы, өнегелі істері бүгінгі жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде ерекше маңызға ие. Тарихты біліп, қадірлеп өскен жас өркен ертең елін, жерін сүйетін мемлекетшіл, патриот болып өседі. Өткеннің отын өшірмесек қана келешекті кемелдендіре аламыз. Сондықтан жүйелі және жаппай қудалауға ұшыраған жазықсыз жандарға көбірек көңіл бөліп, оны кеңес насихатының жапқан жаласы мен жаққан күйесінен арылту, оның атын, ерлігін мәңгілік жадымызда сақтау және ұлықтау – біздің қасиетті борышымыз.
Мұрат САРМОЛДАЕВ.
Сарысу ауданы