Тамшы тас теседі
Тамшы тас теседі
Израиль елінде суармалы жердің 98 пайызы тамшылатып суарылады
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында еліміздің алдағы уақытта қарыштап дамуы мен жаңа саяси бағытын айқындап, үлкен міндеттерқойды. Солардың бірі – ХХІ ғасырдың 10 жаһандық сын-қатеріне кірген азық-түлік қауіпсіздігі мен судың тапшылығы. Кейінгі кезде ауа райының өзгеруі, жаз мезгілінде құрғақшылықтың жиі қайталануына байланысты ағын судың тапшылығы өткір сезілуде. Қазақстан – ағын судың 45 пайызын трансшекаралық өзендерден алады. Өзге мемлекеттер өздеріне су жеткізе алмағандықтан оны бізге аз босатуда. Мұның өзі ауыл шаруашылығы дақылдарынан кепілді өнім алуға кері әсерін тигізуде. Облысымызға ағын судың 80 пайызы Қырғыз Республикасынан бастау алатын Шу және Талас өзендерінен келеді. Ол жақтан өсімдіктің өсіп-өну кезеңінде ағын судың қажетті мөлшерде жіберілмеуінен 2014 жылы өнімділік 2013 жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендеп, ауыл шаруашылық тауар өндірушілері орасан шығынға ұшырады.
Тәжірибе ауылшаруашылық дақылдарының кепілді өнімін алуға бағытталған жер бетімен жайып суару, сонымен қатар, судың сүзілуі мен мөлшерден тыс көлемінің көптігі экологиялық ортаға өте қауіпті екенін көрсетуде. Мұның өзі топырақтың батпақтануы мен тұздануы, ирригациялық эрозия және суармалы жерлерді ұзақ мерзімге айналымнан шығаратын жағымсыз экологиялық құбылыстарға әкеліп соқтыруда. Сондай-ақ егінді мұндай тәсілмен суару су шығынын көбейтіп, облыстың онымен қамтамасыз етілуін шиеленістіреді. Сондықтан да Елбасы өзінің Жолдауларында 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызын суды үнемдену технологияларына көшіруге тапсырма бергені белгілі. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – егістікті тамшылатып және жаңбырлатып ылғалдандыру.
Бұл технология ағын су тапшылығын сездірмейді, суды 3-4 есе үнемдеумен қатар, ылғал мен қоректік заттарды өсімдіктің тамырына дәл жеткізеді. Сондай-ақ өсімдіктің өнімділігін 30-50 пайызға арттырып, тыңайтқыштарды сумен бірге біркелкі енгізуге, топырақ құнарлылығын және құрылымын сақтап қалуын және арамшөптердің шықпауын қамтамасыз етеді. Тамшылатып суару – ағын су тапшылығы айрықша сезілетін, жер бедері күрделі, өткізгіштігі жоғары, тау бөктерлеріндегі жер телімдерінде, яғни, дәстүрлі суару тәсілдерін қолдануға болмайтын немесе қолдануы өте қиын жағдайларда пайдаланылатын тиімді тәсіл. Қазір ылғалдандырудың осы жүйесі әлемнің 110-нан астам елдерінде қолданылуда. Сондай-ақ кейінгі кезде осы жүйеге көшіп жатқан елдер көбейіп келеді. Әсіресе, Израиль су үнемдеу технологиясының отаны болып табылады. Мұнда суармалы жердің 98 пайызына дейінгі бөлігі тамшылатып ылғалдандырылады. Бұл әдіс АҚШ пен Австралияда 90 пайыз, Германия, Ұлыбритания, Италия, Испания және Францияда егістік жердің жартысынан астамында қолданылады. Соңғы кезде Қытайда жүйекпен және тақталап жер бетімен суару тәсіліне тыйым салынуда. Бұл елде көкөніс дақылдары мен бақшаны айтпағанда, біраз уақыттан бері күріш, жоңышқаны тамшылатып суаруға көшті. Еліміздің оңтүстігіндегі суармалы егіншіліктің ең көне аумағының бірі – біздің облыс. Облысымыздың аумағында еліміздегі суармалы жердің 10 пайызы шоғырланған. Аймақта ауыл шаруашылығы мақсатындағы 172 мың гектар суармалы егістік бар. Кейінгі кезде жамбылдық дихандар да тамшылатып және жаңбырлатып ылғалдандыруды қолға алуда. Облыста осындай тәсілмен 2013 жылы 2,9 мың гектар алқап ылғалдандырылса, өткен жылы су үнемдеу технологиясын енгізу 4986 гектарға жетті. Оның 2749 гектары тамшылатып, 2236 гектары жаңбырлатып суарылды. Бұл бағыттағы Шу, Меркі және Қордай аудандарындағы игілікті істі ерекше атап өткен жөн. Шу ауданындағы «Бектібай» шаруа қожалығы өткен жылы тамшылатып ылғалдандыру нәтижесінде әр гектар пияз алқабынан 100 тоннадан астам өнім жинады. Бұрын жаппай суару кезінде бұл көрсеткіш 50-60 тоннадан аспайтын. Осындай тәсілге көшу нәтижесінде Меркі ауданындағы «Сыпатай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл сайын жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Қордай ауданының бірқатар жүгері өсірушілері осы тәсілмен су үнемдеумен қатар алқаптан тәуір түсім алды. Кейінгі кезде облыстың барлық аумағында әсіресе Жуалы және Т. Рысқұлов аудандарында өсімдіктің өніп-өсуі кезеңінде су үшін «шу» басталады. Жетпей жатқан аз суға таласып, жүйкелерін жұқартады. Дер кезінде ылғалдандырылмағандықтан егілген егіннің бір бөлігі күйіп кетеді. Соған қарамастан бұл аудандар су үнемдеу технологиясын енгізуге асықпай отыр. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданында тамшылатып суару тәсілі небәрі 10 гектар алқапта ғана қолданылуда. Бұл тәсілді көкөністі суаруға жылыжай иелері де кеңінен қолдана бастады. Соның нәтижесінде олар ауыз толтырып айтарлықтай игі нәтижелерге қол жеткізуде. Бірқатар шаруа қожалықтары оны алма-алмұрт көшеттерін ылғалдандыруға да пайдаланып, аз суды ұтымды пайдалануда. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауларында ауылшаруашылығы саласын әртараптандыру міндетін қоюда. Осыған орай облыс егіншілері дәнді-масақты дақылдардың аумағын азайтып, мал азықтық және бақша-көкөніс дақылдарын орналастыруға күш салуда. Аталған өсімдіктерді тамшылатып суаруға ерекше көңіл бөлінуде. Үстіміздегі жылы облыс аумағында су үнемдеу технологиясын 7 мың гектарға қолдану көзделуде. Мұның өзі ауа райының кез-келген қолайсыз жағдайында да кепілді өнімге қол жеткізері сөзсіз. Ағын суды аз пайдалану – оны сатып алуға жұмсалатын қаржының мөлшерін де едәуір азайтады. Ол өнімнің өзіндік құнын төмендетуге де игі әсерін тигізеді. Бұған осы әдісті қолданып жүрген дихандардың көзі біраз жылдан бері айқын жетіп келеді. – Облысымызда ресурс үнемдеу технологиясын қолданып, ирригациялық жүйе және суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру үшін 2014-2020 және 2030 жылдарға арналған аймақтық бағдарламаның жобасы әзірленіп, республикалық бағдарлама жобасына енгізілді. Бағдарлама жүзеге асқанда су үнемдеу технологиясын қолдану 2020 жылға дейін 34,5 мың гектарға жеткізіледі. Суармалы алқап 2020 жылы 214 мың гектарға, ал 2030 жылға дейін 244 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда, – дейді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Зиятхан Өмірәлиев.
Ақылжан мамыт, «Ақ жол».