Әлеумет

Қатал тәртіпке үйренген ару

The final spritzer

Әншейінде, түрме деген суық сөз тұла бойыңды тітіркентетіні рас. Десе де, сұрқай көріністің ішіндегі түнектің түндігін түретін сұлулық та бар. Ол – осы жерде қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер. Аружан Сәкен – азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің түлегі. Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің жауынгері. Негізгі қызметі – түрмедегі бақылау пунктінде.

Осы тұста Аружан Бірлікқызынан жұмыстағы жауапкершілік пен әскери қызметті қалауының себебін сұрадық.

Аружанның айтуына қарағанда, осы мамандықты таңдауына әкесі қарсы болса керек. Өзі де әскери өмірдің тезінен өткендіктен, бұл жұмыс қыз балаға лайықты болмайды деп ойлаған болар. Алайда алған бетінен қайтпайтын Аружан аталар салған соқпақпен жүріп келеді. Әрине, әкесінің қарсылығын бауыр еті баласына деген махаббат деп түсінеді.

Сөзінше, күнделікті қызметте былайғы жұрт жыр етіп айтатындай алып бара жатқан қиындық жоқ. Бақылау пункті арқылы өтетін жазасын өтеушілерді мұқият тексереді. Мұндайда қырағылық қажет. Түрлері сұсты, өңкей ер адамдарды тексерген кезде балаң жүректің бүлк ететіні де бар.

«Мұндағы тәртіп қатаң, бірақ мен қатаң тәртіпке үйренген адаммын. Әскерилердің отбасында өскендіктен, бала кезімнен бар жауапкершілікті жүрегіммен сезініп, жолдан таймай тура жүруге үйренгенмін», – дейді кейіпкеріміз.

Аружанның ендігі арманы – жоғары оқу орнын аяқтап, офицерлік шен алу. Дәл қазір облыс орталығындағы жоғары оқу орнында сырттай оқып жүр. Қызметі мен оқуын орайластыруда еш қиындық жоқ. Бастысы, ол барлығын мүмкіндігінше жоспарлы түрде атқарып, ілкімді істі үйлестіруді жақсы біледі.

 

Есен ӨТЕУЛІ