Тағылымы терең, танымы мол Ташкент сапары

Жергілікті кәсіподақтың көпқырлы қызметінің бірі – сала өкілдері-кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, тарихи-танымдық саяхаттар ұйымдастыру, бос уақыттарын тиімді өткізуге жағдай жасау. Осы ретте, жергілікті кәсіподақтың Тараз қалалық комитетіне мүше ұйымдардың 40-қа жуық бастауыш ұйым жетекшісі Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласына туристік сапарға барып қайтты.
Бұл сапар мұғалімдерді қолдау мақсатындағы кәсіподақтың ерте көктемде басталған Түркістан бағытындағы тарихи танымдық маршруттың жалғасы. Алдағы жаз маусымында мұғалімдер мен қызметкерлер Алакөл мен Ыстықкөл жағалауында жанға дәру, емге шипа алатын болады. Тараздан шыққан делегация Ташкентке жеткен бойда әуелі Төле би бабамыздың басына тоқтады. Өзбектер «Қарлығаш әулие» деп айтатын баба басына зиярат еткен мұғалімдер екі күн бойы «Ташкент сити» орталығын, Ташкент телемұнарасы мен Тимуридтер музейін, Анхор парк пен «Magic City» сауықтыру орталықтарында болды.
Ташкенттің көрікті жерлерін аралау мұғалімдерге жаңа танымдық ақпарат беріп, шығармашылық шабыт сыйлады. Оны сапардан алған әсерлерімен бөліскен мұғалімдердің пікірінен де байқауға болады.
Жергілікті кәсіподақ алдағы уақытта да мұғалімдерді қолдау мақсатында түрлі сауықтыру және танымдық саяхаттар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл шаралар мұғалімдердің демалысынан бөлек, олардың денсаулықтарын түзеуге, рухани байлығын арттыруға, мәдениетін көтеруге бағытталған.
Марат ҚҰЛИБАЕВ