Денсаулық

«Тегін емдейтін жеке емхана ашсам...»

The final spritzer

Оны науқастар «дәрігер Досболов» немесе «нағыз невропатолог» деп атайды. Ел ішінде осылай аталып кеткен ақ халатты абзал жан аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдақ, баладай ақжарқын, елгезек жан.

Дәрігер невропатолог Нұрлан Досболов 1988 жылы 18 тамызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. 2013 жылдан бері науқастарға ем беріп, жанға шипа болып жүр. Бүгінгі күні жаңадан ашылған әлеуметтік оңалту орталығында бас реабитолог. №9 қалалық емханада балалар дәрігері әрі невропатолог. Бір өзі бесаспап дәрігер әрі оңалтушы, әрі балалар мен ересектердің невропатологы.

Елордамыздың төрінде Астана медициналық университетін тәмамдаған ол бастапқыда неврология саласында оқыған. Кейін интернатураны оңалтушы болып аяқтаған. Жан дүниесі мейірімділікке толы Нұрлан бүгінде қаншама адамның алғысына бөленуде. Әсіресе пандемия жылдарында коронавируспен ауырған науқастарға тигізген көмегі зор болыпты. Өзінің айтуынша, сол алапат жылдары жүгінген науқастардың 90 пайызы коронавирус індетінен аман қалған екен.

Нұрлан Ерімбетұлының жары Гүлшат Сайлау бүгінде бала күтіміне байланысты декреттік демалыста. Екеуі бес қыз тәрбиелеуде. Бүгінгі күні дәрігер айтпақшы, бастың сынып ауруы немесе айналуы, мигрень, эпилепсия сынды ауру түрлері көпті мазалайды. Жүйке ауруларының күн санап көбейіп, күрделеніп отырғанын өмірдің өзі де, дәрігерлік деректер де дәлелдеп отыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың 70 пайызы түрлі неврологиялық ауруларға шалдыққан. Күн санап жүйкесі тозғандар саны күрт өсуде. Арты есінен адасушылыққа алып келуде. Соңғы кезде стресс деген сәнге айналды. Еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін күйзеліске ұшырап жүр. Жетісіп жүрген ешкім жоқ. Көшеде көңілсіз кетіп бара жатқандардың қарасы көп. Әрқайсысының басында бір мұң. Сонда бұл дертті жеңудің жолы жоқ па? Біз осы сұрақты дәрігерге қойып көрдік.

Дәрігерді көршілері, туыстары да іздеп келіп, ем көрсетуін сұрайды екен. Халықтың баласына айналған Досболов елгезектігімен ел есінде. Болашақта халыққа тегін қызмет көрсететін жеке емхана ашсам деген ойы бар. Қазақ ежелден «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Қазіргі қарбалас уақытта адамдар үнемі күйзеліс үстінде жүретіні белгілі.

Алайда жүректен кейін, жүйке жүйесінің қызметі маңызды екенін ескерсек, әр адам бұл аурудың алдын ала білуі тиіс. Шамадан тыс эмоцияға берілмей, кез келген мәселені сабырмен шешуді қолға алған дұрыс. Себебі зақым келген жүйке талшықтарын қалпына келтіру оңай емес. Әрине, ауырған жағдайда дәрігерге қаралған абзал.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА