Әлеумет

Балаларға тосын сый жасалды

The final spritzer

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен облыстық М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі «Балалар – біздің болашағымыз» атты «BALA FEST» фестивалін өткізді.

Достық үйінде өткен мерекелік іс-шараға облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, өңірлік М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева, бірлестіктің ардагерлері мен өкілдері, №19 мектеп директоры Динара Нұралиева және мектеп оқушылары мен қаламыздағы түрлі этнос өкілдерінің балалары қатысты.

Қызылды-жасыл шарлармен көңілді нотада балаларды аймақтық ассамблея жастары қарсы алып, Достық үйін бір мезетте әсем көрініске бөледі. Ел ертеңі балаларға Мүбарак Қасымқызы мен Мухабат Абдырахманқызы мерекелік жылы лебізін білдірді.

Айта кетейік, аталмыш фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестік мүшелері белсене атсалысты.

Бүлдіршіндердің жүздеріне күлкі, көңілдеріне шаттық сыйлаған іс шара ерекше қарқынмен бастау алды. Балаларға «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің жетекші-сарапшысы Замана Исмаилова Достық үйін аралатып, жамбылдық этностардың тарихымен таныстырды.

Бұдан соң №19 мектептің талантты оқушылары «Балалар – біздің болашағымыз» атты мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынды. Бұл шара балалар үшін тосын сыйлар мен ғажайыптарға толы болғаны анық.

Думанды кеште кішкентай көрермендерге түрлі ертегі кейіпкерлері арнайы шоу жасап, балалардың қатысуымен байқаулар ұйымдастырды. Жиын соңында мерекенің бас кейіпкерлеріне тәтті балмұздақ таратылып, құрмет көрсетілді.

 

Есет ДОСАЛЫ