«Көне қамалға» келушілер көп бола бергей!

Ежелгі дәуірлерден тамыр тартқан тарихи Тараз қаласы тағы бір ерекше нысанмен толықты. Ол «Тектұрмас» кешенінің жанынан бой көтерген «Көне қамал» тарихи нысаны. Ол жерде ежелгі қалалар мен қамалдар қабырғаларының үлгісіне сәйкес, ортағасырлық қорғандар мен дуалдардың көрінісі салынған. Яғни, байырғы керуен-сарайлар мен цитадельдердің дәстүрлі архитектуралық бейнесі бой көтерді. Тараздың төрінен орын алған «Көне қамал» тарихи нысаны көпшіліктің көңілінен шығып, келген қонақтарға мақтанышпен көрсететін орынға айналатыны анық. Мыңжылдықтар керуенінен сыр шерткен, Шығыстың ең таңдаулы ақындары жырға қосқан Тараз қаласының сұлулығы мен көрікті келбеті жыл өткен сайын ашылып келеді. Бүгінде Тараздың есімі барша жер жаһанға мәлім. Көне қаланың өткен жолдары дүниежүзінің барлық түкпірінде аңыз болып айтылады.
«Көне қамал» құрылысының да берері көп. Аталған нысанда өңіріміздің қолөнер шеберлері мен зергерлер туындыларын халыққа ұсынуға да қолайлы. Болашақта «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде «Түбі бір түркі әлемінің алтын бесігі – Тараз» жобасы жасалғаннан кейін «Қарахан», «Айша бибі» кесенелерімен және «Көне Тараз» этно-мәдени кешенімен қатар, аймақта туризмді дамытудың үлкен нысанына жеткізу туралы ірі қадамдар бар. Осы жобаның барысында бүгінгі таңда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.
Осылайша санаулы жылдарда этно мәдени кешен байытылып, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласының мәңгілік мұрасына айналады деп жоспарлануда. «Көне қамал» кешенінің ашылу салтанатына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Жамбыл облысының және Тараз қаласының Құрметті азаматтары, белсенді ардагерлер мен студент жастар көп жиналды.
«Көне қамал» тарихи нысанының ашылу салтанатында осы жолдардың авторы «Тектұрмаспен тілдесу» атты өлеңін көпшілікке тарту етсе, облыстық жастар мүшәйрасының жүлдегері Мұқағали Балтабаев «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың», «Өзімді жігерлендіру» атты жырларын жиналған жұртшылық назарына ұсынды. Республикалық айтыстардың жүлдегері, облыс әкімінің «Әулиеата үміті» сыйлығының иегері Дидар Апбасов «Тараздың табиғаты сыр шертеді» атты тарихи өлеңімен көпшілік қауымның назарын аударды.
Мұнан соң жиналған көпшілік Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театры әртістерінің Әулиеата өңірінің тарихынан сыр шертетін «Айша бибі мен Қарахан» қойылымын тамашалады. «Көне қамал» тарихи нысанының ашылуына келген көпшілік тағы да бір игілікті істің жүзеге асып жатқанына куә болып, жақсы көңіл күймен тарқасты.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы