Әлеумет

Бәрі де балалардың амандығы үшін...

The final spritzer

Облыста жазғы кезеңге дайындық аясында өрттің алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су айдындарында қайғылы оқиғаларға жол бермеуге бағытталған кешенді және жедел іс-шаралар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баспасөз мәслихатын өткізген облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасарлары Ералы Ақылбеков пен Руслан Орынбеков балалардың өртте қаза болуы мен жарақаттануына жол бермеу және жазғы шомылу маусымына дайындық барысы туралы хабарлама жасады.

Ералы Нұрғалиұлының айтуынша, төтенше жағдайлар департаментінде адамдардың өртте қаза болуына және жарақаттануына жол бермеу жұмыстарын жетілдіруге бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілген. Мәселен, 5 сәуір мен 10 мамыр аралығында балалардың отпен ойыны себебінен орын алатын өрттердің алдын алу, олардың салдарынан балалардың жарақаттануы мен қаза болуына жол бермеу, сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіздікті бірге жасайық», «Отты тоқтат!», «Қауіпсіз балалық шақ» және «Отсыз демалыс» акциялары өткізілген.

Акциялар барысында барлық мектепке дейінгі және білім беру мекемелерінде, сонымен қатар ірі ойын-сауық орталықтары мен сауда нысандарында және адамдар жаппай жиналатын орындарда үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 10 мыңнан астам жадынама таратылды. Білім беру мекемелерінде 74 өрт-тактикалық жаттығу өткізіліп, оған 3 мыңдай білім қызметкері мен 9 мыңға жуық оқушы қатысқан. 108 мектептің 2800-дей оқушысының қатысуымен 24 интерактивті сабақ өткізіліп, 3100 оқушыны қамтыған 82 ашық сабақ жүргізілді.

Білім беру ұйымдарында 32 өрт қауіпсіздігі бұрышы жаңартылды, сонымен қатар оқу орындарында «Тілсіз жаудан сақтану», «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Өрт қауіпсіздігін сақтай біл!» деген тақырыптар бойынша 55 дәріс өткізілді. Бұдан басқа білім мекемелерінде департамент қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстары, сынып сағаттары мен әңгімелесулер өткізіліп, онда басты назар балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастырып, оларды қараусыз қалдырмауға аударылды.

Брифингте жазғы шомылу маусымына дайындық туралы баяндаған төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков облыс аумағында 117 су айдыны бар екеніне, қазір оларда адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отырғанына тоқталды. Спикердің мәліметінше, жыл басынан бері облыстың су айдындарында шомылу барысында суға батып кету оқиғасы орын алмаған, ал өткен жылы осыған ұқсас кезеңде 1 оқиға тіркелген.

Статистика көрсеткендей, судағы оқиғалар көп жағдайда адамдардың кінәсінен, өзіне деген сенімділіктің, өз күштері мен мүмкіндіктерін аса бағалаудың, судағы жүріс-тұрыс ережелерін елемеудің, атап айтқанда, тыйым салынған және бейтаныс жерлерде шомылудың, масаң күйде болудың салдарынан болатын көрінеді. Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, өңірдің су нысандарында шомылуға рұқсат берілген 13 орын белгіленген (Таразда – 2, Жамбылда – 1, Жуалыда – 2, Қордайда – 2, Сарысуда – 1, Таласта – 2, Шуда – 3). Аталған учаскелерде 7 коммуналдық және 5 жеке жағажай бар. Олардың 6-ында су айдынының түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілген.

Тараз қаласы мен Талас, Жуалы, Сарысу және Шу аудандарының аумағында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді патрульдеу үшін 8 стационарлық және мобильді бекеттер қойылып, күн сайын сағат 13:00-ден 19:00 ге дейінгі аралықта шомылуға жабдықталмаған акваторияларда рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

Баспасөз мәслихатында төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері облыс тұрғындары мен қонақтарына демалыс кезінде өзінің және жақындарының қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырып, жабдықталмаған жерлерде шомылмау, балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйде суға түспеу, техникалық және ескерту белгілеріне, буйларға шықпау, жарақат алып қалуы мүмкін қоқыстарды жағалауда қалдырмау, қайықтан, катерден, пирстерден және арнайы жабдықталмаған құрылыстардан суға секірмеу сияқты су айдындарындағы қарапайым ережелерді сақтауды ескертті.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП