Жаздық лагерьлер мен жағажайлар тексеріледі

Осы аптада жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту мәселесін қараған Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жыл сайын өрт қауіпсіздігіне байланысты білім беру нысандары тексеріліп, тәжірибелік жаттығулар өткізілетінін атап өтті.
Оқу жылы ішінде төтенше жағдайлар кезіндегі мінез-құлық ережелерін түсіндіру және оқушылар, педагогикалық құрам мен ата-аналар арасында алғашқы көмек көрсету бойынша профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ оқу орындарында кадет сыныптары, әскери-патриоттық клубтар, «Жас құтқарушылар» және «Жас өрт сөндірушілер» үйірмелері белсенді түрде енгізіліп, дамуда.
Министрдің айтуынша, жыл барысында әкімдіктермен бірлесіп балаларды жүзу дағдыларына үйрету сабақтары өткізіледі. Қазіргі сәтте «Ұлттық бірыңғай тестілеу» мен «Мектеп бітіру кештері» шараларын өткізу кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындық жүргізілуде. Бүгінде балалар лагерьлерінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін және жағажайларға қойылатын талаптардың сақталуын тексеру басталды.
Сонымен қатар суға шомылу маусымын қауіпсіз өткізу шеңберінде министрліктің бөлімшелері су айдындарына патрульдер мен рейдтер жүргізеді. Былтырдан бері жүзу құралдары мен құтқару жабдықтары кезең-кезеңмен сатып алынуда, ол өз кезегінде су айдындарындағы азаматтарды құтқару жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.
Тағы бір тоқталатын маңызды жайт, су қоймаларында балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру – бұл бала өліміне әкелетін негізгі себеп болып табылады. Каналдар мен арық жүйелері сияқты шағын су объектілерінің өзінде бала өлімінің фактілері жиі орын алады. Осыған байланысты жазғы каникул басталғанға дейін Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар мен балалар арасындағы профилактиканы күшейтуі тиіс.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП.