Биыл облыста 14 570 түлек мектеппен қоштасады

Биыл еліміздің мектептерінде соңғы қоңырау 24 мамыр күні соғылады. Облысымызда 2024-2025 оқу жылын 523 орта білім беру ұйымында 247 422 оқушы аяқтайды. Бұл жылы 9-сыныпты 23 462 оқушы бітіріп, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайтын болады. Ал 14 570 түлек 11-сыныпты тәмамдап, мектеппен қоштасады.
Облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысы Нұрбек Оршубековтің айтуынша, еліміздің Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, мектептерде оқу мерзімі дәстүрлі түрде 34 аптаға созылады, оқу 25 мамырда аяқталады.
Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, 9-сынып оқушылары 4 пәннен, яғни математика, қазақ/орыс тілі, таңдау пәні, оқыту тілдеріне қарай қазақ тілі немесе орыс тілінен 29 мамыр мен 10 маусым аралығында қорытынды мемлекеттік емтиханнан өтеді деп жоспарлануда. Ал 11-сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында 5 пәннен, яғни Қазақстан тарихы, математика, қазақ/ орыс тілі, таңдау пәні, оқыту тілдеріне қарай қазақ тілі немесе орыс тілінен мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады.
Қамар ҚАРАСАЕВА