Жаңалықтар

Төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет етуге дайын

The final spritzer

Өрт – аса қатерлі тілсіз жау. Демек қай кезеңде де бұл апатқа бейқам қарауға болмайды. Ендеше, айтып келмейтін апаттың алдын алу, оған тас түйін дайын болу – күн тәртібінен түспеуі тиіс. Табиғи және трансшекаралық өрттерді жою мақсатында облыс аумағында ұйымдастырылған трансшекаралық табиғи өрттерге қарсы оқу-жаттығу жиынының негізгі мақсаты да осы.

Іс-шараға өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, өртке қарсы ерікті құрылымдар, орман шаруашылығының мамандары, медицина қызметкерлері, полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі және Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қатысты.

Жалпы, оқу жаттығу жиынына 300-ден астам маман мен 50-ден аса арнайы техника жұмылдырылды. Оқу-жаттығу барысында сценарий бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне Қызылқайнар ауылы маңындағы таулы аймақта өрт шыққаны және өрттің Қырғыз Республикасы аумағына таралу қаупі бар екені туралы шұғыл хабарлама түседі.

Бұл ақпарат аталған департамент тарапынан облыс әкімінің аппаратына, барлық өзара әрекеттесуші қызметтерге және табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жолданады. Осыдан соң ерікті құрылымдарды оқиға орнына шұғыл жеткізуге баса назар аударылды. Сондай ақ қызметтердің үйлесімді іс қимылы мен әрбір құрылымға жүктелген міндеттердің нақты орындалуы пысықталды. Арнайы техникалардың және жеке құрамның жедел әрекет ету мүмкіндіктері тексерілді.

Шекара маңындағы аумақтарда қазақстандық және қырғызстандық қызметтердің бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастыру бойынша жаттығулар жүргізілді. Жаттығу шынайы жағдайға барынша жақын сценарий бойынша өткізілді және барлық қатысушылар төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет етуге дайын екенін көрсетті.

Қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен техникалық құралдардың мүмкіндіктері бағаланып, оқу-жаттығудың тиімділігі жоғары екені атап өтілді. Айта кетейік, мұндай жаттығулар облыстың барлық аудандарында жүйелі түрде өткізіліп келеді.

Сәйкесінше, облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қаупі жоғары маусымда алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізіп отыр. Орман және егістік алқаптарында профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Рас, табиғи өрттердің алдын алу – тек құтқару қызметтерінің ғана емес, барша азаматтардың ортақ жауапкершілігі. Осы ретте қарапайым тұрғындар өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтап, табиғат аясында сақтық танытқаны абзал. Қырғыз Республикасы Талас облысы бойынша басқармасына қарасты өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асылбек Жоргоновтың айтуынша, өрт апатының артында адам тағдыры тұр.

Осы себепті, кейбір жауапкершілікті сезінбейтін жандардың кесірінен қаңсып тұрған ағаш, шөп, өсімдіктің әп сәтте тұтануы әбден мүмкін. Маман соңғы жылдары қос елдің өрт сөндіру қызметі материалдық техникалық тұрғыда қатты дамығанын, озық үлгілі құрал жабдықтармен, қондырғылармен көптеп жарақтандырылғанын айта келіп, азаматтардың ережелерді ескермеуі қынжылтатынын жеткізді.

Иә, өрт – адамның өмірі мен денсаулығына, қоғамға залалын тигізетін, қоршаған ортаға ауқымды материалдық зиян келтіретін орасан апат.

Өрт жылдың төрт мезгілінде де бола беруі де әбден мүмкін. Сондықтан өрт сөндірушілердің жауапкершілігі мол болуы, төтеншеліктер кәсіптік шеберліктерін ұдайы шыңдап отыруы – міндет. Бастысы, тұрғындар да өртке қарсы қауіпсіздік шараларын білгені, сақтағаны жөн.

 

Есен ӨТЕУЛІ