Әлеуметтік төлем кімдерге тиесілі?

Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылдан бастап енгізілді. Ол еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына әлеуметтік тәуекелдердің 6 түрі бойынша сақтандыруды көздейді. Осы мақсатта төлеушілер, яғни жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын 5 пайыз мөлшерінде әлеуметтік аударымдар аударады. Әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда жүйенің қатысушысына, ал ол қайтыс болған жағдайда оның асырауындағыларға қордан әлеуметтік төлем төлеуге кепілдік беріледі. Бұл жұмыс істейтін азаматтар үшін республикалық бюджеттен базалық әлеуметтік қамсыздандыруға қосымша әлеуметтік қорғау деңгейі.
Бүгінде елімізде бұл жүйемен 6,8 миллионнан аса адам қамтылған. Ал облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 273 мыңға жуық адамды қамтыған, 2024 жылы 80 мыңнан аса адам жалпы сомасы 61,8 миллиард теңгеге жуық төлем алған. Бұл төлемдердің мөлшері жыл сайын арттырылады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері автоматты түрде 6,5 пайызға өсті.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Нұрахмет Искаковтың айтуынша, облыста 4911 алушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайға және 3195 асыраушысынан айырылған жанұяға төлемдер мөлшері ұлғайтылыпты.
Қабылданған өзгерістерге тоқталайық. Жұмыс берушілердің санына қарамастан, жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу кезінде орташа айлық кірісті 7 ең төменгі жалақыға дейін шектеу қарастырылады. Сондай ақ, жүктілікке және босануға, бала күтімі жағдайлары бойынша кірісінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептегенде, әлеуметтік тәуекелдер туындаған күннен кейін төленген әлеуметтік аударымдарды алып тастау көзделеді.
Бұл өзгерістерді жүзеге асыру сақтандырылған кірістерді жасанды түрде арттыру мүмкіндігін азайтуға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Нақты орташа айлық табысы белгіленген лимиттен асатын әйелдер үшін жұмыс беруші арқылы қосымша төлемдер алу мүмкіндігі қарастырылған.
Еліміздің Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленген соманы шегеріп, орташа жалақысын сақтай отырып, жүктілік және босану жағдайына байланысты демалысқа ақы төлейді. Бұл еңбек шартында немесе ұжымдық шартта көзделуі мүмкін. Егер мұндай ереже болмаса, қызметкер оны сол құжаттарға енгізуді талап етуге құқылы. Бұл Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 3-тармағы және Еңбек кодексінің 99-бабының 4-тармағына сай жүзеге асады.
Бүгінгі күні Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, республикамызда заңсыз әрекеттермен төлем алған 113 төлем алушы бойынша құқық қорғау органдарымен қаралуда. Қандай шаралар қолданылатыны құзырлы органдардың құзырында.
Қамар ҚАРАСАЕВА