Жамбылдық филиалда – жаңа төраға

Бүгінде еліміз бойынша 100 мыңға жуық мүшесі, 20 филиалы бар, «Таза ауа, таза су, таза жер – таза адами қарым-қатынас!» ұранын ұстанып, осы бағыт бойынша тың бастамалар көтеріп жүрген «Байтақ» жасылдар партиясы табиғат пен адамдар үйлесімді өмір сүре алатын орнықты және салауатты қоғам құруға ұмтылып келе жатқан ұйым. Партияның біздің өңірде де филиалы құрылып, екі жылдан аса уақыттан бері жұмыс істейді.
Жақында «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың қатысуымен партия облыстық филиалының IV конференциясы өтті. Жиынды филиал төрағасы Серік Қойбақов ашып, партияның атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. 2023 жылдың басында ресми түрде тіркелген облыстық филиалдың қазіргі таңда бес бастауыш ұйымға топтастырылған 3 мыңнан астам мүшесі бар.
Баяндамашының айтуынша, облыстық филиал өңірдегі экологиялық мәселелерді билікке жеткізіп, жоғары мінберлерден көтерілген бірқатар проблемалардың шешілуіне тікелей себепші болып келеді.
Жиында «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев, партияның Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ерәділ Үббиниязов, партия мүшелері Ихтияр Мырзахметов, Марат Мәзімбаев, Жапар Сатылғанов, тағы басқалар сөйлеп, партия алдында тұрған міндеттер, оның жұмысын жақсарту жолдары туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Конференцияда партия облыстық филиалының төрағасы және саяси кеңестің мүшелері сайланды. «Байтақ» жасылдар партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағалығына Нұрсұлтан Баймұратовтың кандидатурасы ұсынылып, оны партия мүшелері бірауыздан қолдады.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП