Жаңалықтар

Мектеп оқушыларының қауіпсіздігі – басты назарда

The final spritzer

Бүгінгі таңда өңір аумағында абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бұл жұмыстар 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспары аясында іске асырылуда. Ал Тараз қаласы мен аудандарда санитарлық тазалық жағдайын арттыру мақсатында апта сайын сенбілік ұйымдастырылса, оған шамамен 10 мыңға жуық тұрғын атсалысқан.

Сондай-ақ «TazaLike» іс-шарасы шеңберінде көгеріштендіру және санитарлық тазалау жұмыстары қолға алынса, бас-аяғы 21,6 мың жасыл желек отырғызылған. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, «Жасыл белдеу» құру мақсатында «TazaLike» және «Әр ауылдық округке 2000 тал егу» іс-шараларына зерделеу жүргізілген.

Сонымен қатар басқосу барысында «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі саналатын телеграмм-бот арқылы түскен өтінімнен нәтиже шығаруда кейбір ауданның белсенділігі төмен екені де сөз болды. Бұл кемшіліктер Тараз қаласы мен Талас, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарында орын алған.

Ал Мойынқұм ауданында әлі күнге дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметімен айналысатын мекеменің жоқтығы сын садағына ілінді. Өз кезегінде облыс әкімі Тараз қаласы мен тиісті аудан әкімдерінен жауап алып, жауаптыларға тазалық пен экологиялық тәртіпті сақтауды, ауылдық округ әкімдерінің жұмысын күшейтуді және кездейсоқ тасталған қоқысқа қарсы күресті жандандыруды тапсырды. Бұдан бөлек тұрғындардың шағымдарына жедел жауап беру, қоғамдық бақылауды арттыру және өңірдегі санитарлық ахуалды жақсарту мақсатында телеграмм ботты халық арасында кеңінен насихаттауды міндеттеді.

Келесі кезекте жиынның күн тәртібіне байланысты ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық пен оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары қаралды. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтың сөзінше, биылғы оқу жылын 523 орта білім беру ұйымынан 250 мыңға жуық оқушы аяқтайды. Оның ішінде 23 462 оқушы 9-сыныпты, 14 570 жас түлек 11-сыныпты бітіргелі отыр.

Ведомство басшысы өз сөзінде білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына ата-аналардан қаражат жинауға, аниматорлар, агенттіктер, жеке студияларды тартуға және көлік жалдап, шерулер ұйымдастыруға тыйым салынғандығы жөнінде қатаң ескертілгенін жеткізді.

Атап өтерлігі, жазғы кезеңде балалардың демалысын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру үшін ведомствоаралық 2024 2026 жылдарға арналған іс шаралар жоспары бекітіліп, облыстық штаб құрылған. Балалардың сауықтыруын ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 786,6 миллион теңге қаражат қарастырылса, оның ішінде қала сыртындағы лагерьге 588,9 миллион теңге және мектеп жанындағы тамақтанумен ұйымдастырылатын лагерьге 197,7 миллион теңге бөлініпті. Жалпы, жазғы демалыс пен сауықтыру шараларымен 1-10- сынып оқушыларын қамту жоспарланып отыр.

Жиын соңында аймақ басшысы жаз мезгіліндегі балалар қауіпсіздігі мен олардың демалысын ұйымдастыру мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігін баса айтты. Осыған байланысты жауапты басқармаға бұл бағыттағы жұмыстарды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды. Облыс әкімі жазғы демалыс лагерьлерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алдын ала дайындық шараларын сапалы жүргізу, ас мәзірінің құндылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз ету, медициналық бақылау мен лагерьлерде санитарлық талаптардың толық орындалуын назарға алу қажеттігін жүктеді.

 

Есен ӨТЕУЛІ