Мәдениет

Мәдениет – ұлттың төлқұжаты

The final spritzer

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірі мен парасат-пайымы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр», – деген есті сөзі ел жүрегінен орын алғаны ақиқат. Демек, өркениетті ұлт ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағалануы – заңдылық.

Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы «Достық» демалыс орнында өткен салтанатты жиын барысында әулиеаталық мәдениет майталмандарына құрмет көрсетілді. Шара барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев егемен елімізде мәдениет саласының дамуына мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. Облыс әкімі биыл бұл салаға 16,5 миллиард теңге бөлінгенін, аталған қаражат өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға артқанын айтты.

Мұнан соң сөз алған «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев әріптестеріне жылы лебізін білдіріп, мәдениет өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсеткен жергілікті атқарушы билік өкілдеріне шынайы алғысын айтты.

Жиын соңында мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарға «Құрмет» ордені, «Барыс» және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты, сондай-ақ қаржылай сыйақы табыс етілді.

 

Есен ӨТЕУЛІ