Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін

Әрбір ұлттың, әрбір халықтың баға жетпес қазынасы — оның ана тілі. Тіл — халықтың рухани өмірінің айнасы, мәдениетінің негізі, тарихының куәсі. Тіл арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, ұлттық сана мен болмыс қалыптасады. Сондықтан «Халықтың байлығы — оның тілінде» деген сөз жай ғана тіркес емес, терең мағынаға ие.
Ана тілі — бұл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол — халықтың дүниетанымы, ойлау жүйесі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының көрінісі. Тіл арқылы халық өз тарихын, батырлық эпостарын, ертегілері мен мақал-мәтелдерін, терең даналығын сақтап келеді. Қазақ тілінде ғана кездесетін ұғымдар мен сөз оралымдары біздің ұлтымыздың ерекше болмысын сипаттайды. Мысалы, «ар», «намыс», «қонақжайлық», «ата-баба аманаты» сияқты түсініктер тілмен тығыз байланысты.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде көптеген ұлттар өз тілін жоғалту қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Тіл жоғалса — ұлт та жоғалады. Өйткені тілмен бірге халықтың тарихи жады, мәдениеті мен дүниетанымы да жойылады. Сондықтан өз ана тілімізді сақтау — бұл тек өткенге деген құрмет емес, бұл болашаққа деген жауапкершілік.
Қазақ тілі — тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі. Бұл тек ресми мәртебе ғана емес, бұл — елдің рухани тірегі. Біздің борышымыз — ана тілімізді сүю, оны ардақтау, күнделікті өмірде қолдану және кейінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізу.
Расылхан Бейсеев,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық
соты әкімшісінің бас маман - сот отырысының хатшысы