Әлеумет

Мойынқұмдағы алғашқы күн

Мойынқұмдағы алғашқы күн

1. Кіріспеген шаруаның кіріспесі

Шу шаһарынан шығып, Мойынқұм ауданына бағыт алдым. Жауапкершілік дейтін жарықтықты серік қып, сенімді семсер еттім. Базар маңындағы такси тізгіндеушімен тілдескеннен соң бір кісілік орын барын білдім. Кетуге асықпадым: өзімді өсірген көшелер денемнің тамырындай сезілді. Қимастық болғанын жасырып қайтемін. Осы сапар маған Оралхан Бөкейдің құмды өлкеге мейман болғанын ойыма оралтты. Ол тағы да жауапкершілікті жүктей түсті. Өз үйімнің ошағы сынды Шу өңіріндегі төл саладағы қызметтен кейін Жамбыл өңірінің жартысын иемденген, Шәмшіден ән мен сый алған, Жуалыдағыдай бұлақтардың сылдыры болмаса да, белгісі сексеуілі мен жыңғылы болған қазыналы аймаққа қадам басуым ғұмыр дәптерімде тайға басқан таңбадай сақталары хақ. «Мойынқұм ауданы» деген қақпаға кіре берісте «бісміллә» дедім. Отыз ауыз өлең оқып болғанша аудан орталығына жеттім. Мұнда өзім ойлағандай екен. Мемлекет мүддесіне еңбек ететін мекемелер қатар-қатар орналасқан. Ауданның бас ғимаратына бас сұқтым. Қажетті тұлғаларға жолығып, танысып та үлгердім. Күн болса керек нұрын төгіп, көз көрім жерден еңкейе бастады. Ендігі уайым – тұрмыс пен тұрақ. Үй болмаса, іс қылам деген күй де келіңкіремейді екен. Телефонды сан тарапқа безілдетіп, әр сәлемнен кейін «Қонатын жай бар ма?» дей бердім. Манағы таксиші Шәкен аға «реті табылмаса, біздің үй бар» деген. Өзіме ұқсаған бір көкем өз таныстарынан тұрақ іздестіре бастады. Ақыры мектепте қызмет істейтін жас мұғалім бар екенін білдік. Көлікке отыра қалып, қараңғы түсе жас ұстаздың баспанасына келдік. Жағдайды айтып, жөн сұрасып, мәмілеге келгенге ұқсадық.

2. «Дипломмен – ауылға!» немесе Нұрболаттың нық қадамы

Біз айтар ойдың негізгі кейіпкері – Нұрболат Шікетаев. Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Мойынқұм ауданы, қазіргі Қылышбай ауылының өрені. Әкесі Манарбек пен анасы Назымның ұлдарынан үлкені. Ұғынғанға үлгі боларлық жігіттің өзі. Салмақты һәм сабырлы болмысы тағы бар. Бала күнінен радиоға құлақ түріп, ән мен күйге мейір қандырған. Біздің шүйіркелесу Нұрболаттың оқуға түсуімен басталды. Тараз қаласындағы педагогикалық институтының шығармашылық факультетінің музыкалық білім мамандығына дейін. Сұхбаттасым, өнерқұмар екен. №8 кәсіптік лицейін тәмамдаған. Оны түгесіп аталмыш оқу орнына құжат тапсырады. Тапсырып қана қоймай, шәкіртақы аларлық халге жетеді. Кәдуілгі студенттерше жатақханада дәурен кешеді. Әнге деген әуестік жан бағысқа да жарайды. Бірінші және екінші оқу жылдары білімге көңіл бөлген Нұрболаттың інісі Нұрғиса да студент атанады. Ағалық мейір бар емес пе, шәкіртақыны ізбасарына табыстап өзі той-томалақ пен мейрамханаларда ән айтуға көшеді. Қаржылық жағдаяттардан бөлек, мұнда шығармашылықты шыңдау бар екенін аңғару керек. – Тойдан түскен табыстар тиыннан құралды. Күндіз құдалық, кешкісін мейрамханада музыкалық құрылғыға басшылық етіп жүрдім. Ең алғашқы жиылған 50 мың теңгені ауылдағы ата-анама салып жібергенім бар. Бұл әрекетіме біраз жандар таңдай қақты. Кейінгі табысқа ноутбук алдым, – деген жас тәлімгер бізге ыждаһаттылық атты қасиетті ескергендей болды. Әңгіме арасында Нұрболат өнер өркенді өсіретінін айтып, институт қабырғасындағы қызықты естеліктер мен шеккен сапарларын тілге тиек етті. Күнтізбедегі күндер ескіріп, жоғары білім ошағын бітірер шақ келді. Жоғарыдағы кәсіптік лицейдегі «қызыл құжат» жоғары оқу орнының мамандығын аларда да түсін өзгертпеді. Музыка пәнінің мұғалімі мамандығымен Мойынқұмға оралып, Т.Рысқұлов атындағы Тірек мектебіне қызметке тұрады. Мемлекеттік тұрғыда маңызды жоба «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша баспаналы болып, көтерме қаржы алады. Қазақы қалпы қалыптасқан Нұрболат Манарбекұлы ұстаздықпен қоса, баба мұрасын балалар санасына сіңіріп жүр. Балалар саз мектебінде домбырадан дәріс беруде. Онысы орынды. Құптарлық іс.

3. «Дандай дандайша жазады»

19Енді менің қызметтік жаңа күндерім басталмақ. Елбасы Н.Назарбаев есіктен енген жыл тарихи даталарға толы боларын ескертті. Жұрттың жарайсыңына лайық Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы және келешекке кемел ой боларлық Қазақ хандығының 550 жылдығы! Керей мен Жәнібек есімі елге тарап, ғұмырлы хандықтың керегесі керілгеніне 550 жыл толуы – орталығы Тараз болған облыста ерекше аталып өткелі отыр. Думаннан бұрын дүбір естіліп, қызу дайындық басталып кетті. Енді ойланып отырғаным «осы бір шараға менен нендей көмек керек?» деп. Академик Зейнолла Қабдолов айтқандай: «Дандай дандайша жазады». Мен де өз білгенімше жазамын. Демек, бұл қуанышқа әркім өз үлесін қосуы керек. Мендік маңдайға жазылғаны–жазу. Журналистика. Тақырып–татулық, тұрақтылық, тәуелсіздік болғай!

Журналист Байжан ЕМБЕРДІ «Ақ жол» газетінің Мойынқұм ауданындағы меншікті тілшісі қызметіне кірісті. Қалам сілтесі бөлек әріптесімізге еңбегің жемісті болсын демекпіз.

Мойынқұм ауданы.