Әдебиет

«Мойынқұмның дара жандары» анықтамалығы жарық көрді

The final spritzer

Жақында Алматыдағы «Мирас» баспасынан Мойынқұм ауданының құрылғанына 60 жыл толуына арналған энциклопедиялық анықтамалық жарық көрді. 720 беттен тұратын «Мойынқұмның дара жандары» кітабында ауданның құрылу тарихы және өңірді өркендету жолында еңбек еткен азаматтардың, осында туып, елін-жерін республикаға танытқан тұлғалардың және еңбек адамдарының өмір деректері жазылған.

Кітап Шу бойындағы ел, жер тарихына шолу жасай келе, Мойынқұм ауданы дамуының екі кезеңін – біріншісі 1965 жыл мен 1992 жыл аралығындағы кеңестік дәуір болса, екінші кезең 1992 жылдан бергі тәуелсіз Қазақстан кезеңін қамтиды. Басылымның жалпы редакциясын басқарған автор әрі редакторы – ұзақ жылдар ауданда мемлекеттік қызметтің сан саласында басшылық лауазымдарда жемісті қызмет еткен Мақсат Сейдалиев.

Иә, елдің тарихы жеке адамдардың тарихынан қалыптасатыны белгілі. Кітапты қолға алған оқырман шалғай ауданның тарихы мен қалыптасу жылдары жайлы деректемелермен, ауданның 60 жылда жеткен жетістіктері, оған тікелей атсалысқан белгілі тұлғалар, ауданнан шыққан белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен өнер адамдары, Еңбек Ерлері мен еңбек ардагерлері, тағы басқа да ауданға қатысты мағыналы мәліметтер мен қызықты деректерге қанық болары анық.

Айта кетсек, төрт бөлім мен 19 тараудан тұратын кітап Мойынқұм ауданының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы болып отыр. Басты мақсат ауданды құруға тікелей атсалысқан, оның өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтарды түгендеп, кейінгі ұрпақтың танып-білуіне мәліметтер беру болғандығын айта кеткен жөн. Кітапты жазуда, оның кейіпкерлері жайлы мәліметтер жинауда автормен бірге ақылдастар алқасының мүшелері айтарлықтай еңбек етсе, ауданның бір топ азаматтары қаржылай қолдап, демеушілік жасаған. Дегенмен аталған кітап негізінен автордың жеке қаражаты есебінен шыққанын айта кеткен жөн.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП