Түзетулер енгізіліп, кері қайтарылды

Өткен аптада Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, онда депутаттар аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен және электр энергетикасы салаларын дамытуға арналған заңдарды қарады. Отырыс барысында сенаторлар «Аквашаруашылық туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарады. Құжаттар жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту арқылы аквашаруашылықты орнықты дамытуды көздейді. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті аквашаруашылық объектілерін өсіру көлемін ұлғайту мәселесіне де баса мән берілді.
Заңда балық өсіретін шаруаларға көмек көрсетуге қатысты норма да қарастырылған. Мемлекеттік субсидияларды беру өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыру, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту, инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу, су беру жөніндегі қызметтерге ақы төлеу, сондай ақ кредиттеу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Мұндай нормалар балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлерге шаруашылықта кездесетін өзекті мәселелерді шешуге көмектесу үшін қолға алынып отыр.
Талқылау нәтижесінде сенаторлар заңдарды қолдап, оларға бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, ұсынылған өзгерістер бекітілген балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелерінде тек Қазақстан Республикасының заңдарымен ғана тыйым салуды белгілеуге және аквашаруашылық субъектілері жосықсыз аквашаруашылық субъектілерінің тізіліміне енгізілетін негіздерді нақтылауға қатысты ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар депутаттар табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін ақы төлеуге байланысты нормаларды Салық кодексіне сәйкес келтіру қажет екенін айтты. Осыған байланысты заңдарды сенаторлар енгізген түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды. Сенатор Сұлтан Дүйсембиновтың айтуынша, заң жобасында аквашаруашылық субъектілері қызметінің негізгі шарттары айқындалған.
Талқылау барысында Сенат комитеттері заң жобасына бірқатар ескертулер мен ұсыныстар айтты. Атап айтқанда: бекітілген балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелеріне тек Қазақстан заңнамасы негізінде ғана шектеулер енгізу, жосықсыз аквашаруашылық субъектілерінің тізіміне енгізу негіздерін нақтылау мен табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем нормаларын Салық кодексіне сәйкестендіру қажеттілігі айтылды.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Конституцияның 61-бабы 4-тармағына сәйкес, заң жобасының жекелеген баптарын мақұлдамау туралы ұсынып, оларды жаңа редакцияда Мәжіліске қайта ұсынды.
Есен ӨТЕУЛІ.