Білім

Жасанды интеллект - жаңашылдықтың бастауы

The final spritzer

Цифрлық технологиялар адам өмірінің барлық саласына дендеп енген бүгінгі кезеңде жасанды интеллект (ЖИ) жүйелерін заңнамалық тұрғыда реттеу – уақыт талабы. Осы орайда, жуырда Парламент Мәжілісінде «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қарауға ұсынылды. Аталған заң жобасы Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленіп, жасанды интеллект саласындағы қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттейтін алғашқы кешенді құжат болмақ. Бұл туралы Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті қорытындысында мәлімдеді.

Жалпы, заң жобасы жеті тараудан және жиырма сегіз баптан тұрады. Онда ең алдымен жасанды интеллект саласындағы ашықтықты, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық әрі ұйымдастырушылық тетіктері бекітілген. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда ЖИ технологияларын қолдану тәртібі белгіленеді.

Бұдан бөлек Үкіметтің осы саладағы құзыреті кеңейеді, жасанды интеллект жүйелерімен жұмыс істейтін субъектілердің құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Комитеттің мәліметінше, заң жобасы бойынша жұмыс тобына 66 ұсыныс түсіп, олар бес отырыс аясында талқыланған. Талқылауға мүдделі мемлекеттік органдармен қатар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар да қатысқан. Қазірдің өзінде еліміздің цифрлық даму бағыты жасанды интеллектке үлкен сенім артып отыр.

Дегенмен, бұл технологияның мүмкіндігін толық әрі қауіпсіз пайдалануға құқықтық негіздің болуы шешуші мәнге ие. Өткен аптада Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Жиында депутаттар бірінші оқылымда «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы және оған ілеспе түзетулерді, ал екінші оқылымда азаматтық қорғау мәселелері бойынша заң жобасын қарады.

Сондай-ақ 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Сонымен, ең әуелі жалпы отырысқа қатысушылар Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылады. Құжат төңірегінде Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева баяндама жасады.

Мұнан соң, Мәжіліс қарауына «Қазақстан Үкіметі мен Франция Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау» жөніндегі заң жобасы келіп түсті. Аталған келісімге былтыр қараша айында Париж қаласында қол қойылған болатын. Құжат Қазақстан мен Франция аумақтарында заң талаптарын бұзған жағдайда азаматтарды қабылдау және транзиттеу мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастық үшін құқықтық негіз құру мақсатында әзірленіпті.

Әрі қарай депутаттар «Жасанды интеллект туралы» негізгі заң мен екі ілеспе заңның жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жасанды интеллект технологиясын дамыту үшін депутаттар бастамашы болды. Баяндамашы Екатерина Смышляеваның айтуынша, негізгі заң жобасы 7 тараудан және 28 баптан тұрады.

Заң жобалары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оны экономиканың түрлі саласында жүзеге асырудағы мемлекеттің рөлін анықтауға, әзірлеушілер мен инвесторлар үшін нақты және ашық «ойын ережелерін» құру арқылы ЖИ-ді пайдалануды құқықтық реттеуге бағытталған.

Атап өтерлігі, құжат жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынасты реттеу қағидаттарын белгілеп, барлық қатысушының құқықтары мен міндеттерін нақты айқындайды. Осылайша, ЖИ жүйелерінің иелері өзінің пайдалану шарттарын белгілеп, құқықтарын қорғай алады және тәуекелдерді басқарады. Ал пайдаланушылар жеке деректерін қорғауға, ЖИ жүйелерінің жұмысы туралы хабардар болуға және автоматтандырылған шешімдерге қарсылық білдіруге құқылы болады.

Құжаттарды талқылау барысында депутат Ерлан Стамбеков бұл мәселеге қазір бүкіл әлем бас қатырып отырғанын еске салып, еліміз қай нұсқаны таңдайтынын сұрады. Баяндамашы Е.Смышляева заң жобасын әзірлеушілердің бұл мәселедегі ұстанымы әлі толықтай қалыптасып үлгермегенін айтты. Ал депутат Анас Баққожаев жасанды интеллектіні мектепте және жоғары білім саласында пайдалану кезінде бақылауды күшейту керек екеніне баса назар аударды.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан «ЖИ-дің дамуымен ақын, жазушылар қаптамай ма?» деген ой тастады. Өз кезегінде Е.Смышляева бұл мәселені шешу үшін жасанды интеллект алгоритмі арқылы жасалған туындыға адамның қаншалықты үлес қосқанын пайызбен өлшейтін тәсіл ойлап табу керектігін жеткізді. Осылайша, біраз уақытқа созылған талқылаудан соң, депутаттар дауыс беріп, жаңа заң жобаларын қолдады.

Сондай-ақ жалпы отырыста депутаттар 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын тәуелсіз ұйымға айналдыру туралы хаттаманы ратификациялады. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің сөзінше, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры 6 мемлекет тарапынан 2009 жылы дағдарысқа қарсы аймақтық механизм ретінде құрылды.

Бұдан бөлек Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста азаматтық қорғау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Заң азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін бекітуге, адам көп жиналатын нысандарды пайдалануға қабылдау кезіндегі өрт қауіпсіздігін бақылауды жаңартуды көздейді. Депутаттар бірнеше жаңашылдықты ескере отырып, аталған заң жобасын бірауыздан қолдады.

 

Есен ӨТЕУЛІ