Аймақ

Кәсіпкерлікке серпін берген көрме

The final spritzer

Елордамыз Астана қаласында биыл отандық өнім өндірушілердің VIII «Ulttyq ónim» көрмесі EXPO халықаралық көрме орталығында ұйымдастырылды. Оған еліміз бойынша 350 компания қатысып, өз өнімін ұсынды. Олардың қатарында жамбылдық өнім өндірушілер де бар. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалының директоры Бақытжан Исаковтың айтуынша, көрмеге біздің аймақтан 15 кәсіпкер қатысып, өз өнімдерін саудаға шығарған. Олардың қатарында кондитерлік өнімдер өндірумен айналысатын «Сәуле» ЖШС, шұжық өндіруші «Берсанукаев» ЖШС, тұтынушыларына «Хлебный дар» брендімен танымал «Козин А.А» жеке кәсіпкерлігі мен сүт өнімдерімен айналысушы «MOLBID» ЖШС және басқа да кәсіпкерлер бар.

Үш күнге жоспарланған көрменің ашылуына Премьер министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысты.

Жалпы, көрмеде тамақ, жеңіл өнеркәсіп, химия өндірісінен бастап жабдық, машина жасау, зергерлік бұйымдарға дейінгі салада түрлі өнімдер ұсынылды. Оның көпшілігі «Даму» қорының қолдауын алған кәсіпорындар.

Сонымен көрмеде қазақстандық өндірушілер азық-түлік, жеңіл химия, машина жасау, құрал-жабдық жасау, зергерлік бұйымдар және басқа да тауарлардың алуан түрлі салаларындағы мыңдаған тауар түрлерін ұсынды. Көрмедегі барлық кәсіпорындар шағын және орта бизнесті қолдайтын елдің негізгі қаржы институты «Даму» қорынан қаржылық және басқа да қолдау алды. Көрмеге қатысушылардың бірі – нарықта 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан дезинфекциялық және жуғыш заттарды өндіруші «Аврора» өндірістік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз өнімін насихаттау арқылы өзге өңір кәсіпкерлерінің сұранысын арттырды.

Атап айтсақ, оның ассортиментінде косметикалық өнімдердің 40-тан астам, тұрмыстық химияның 55, дезинфекциялау құралдарының 80-нен астам түрі бар екен.

Жалпы, өткен жылы Үкімет «Бәйтерек» холдингінің субсидиялары мен кепілдіктері арқылы кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын жүзеге асыруға 336 миллиард теңге бөлген. Мемлекеттің қолдауы аясында жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 29,5 мың жоба қаржыландырылған. Оның ішінде жеңілдікті несиелеу бойынша 254 миллиард теңге қаралып, 2,7 мың жоба жүзеге асырылған. Бұл шаралар 9,7 мың жұмыс орнын құруға, 25,4 триллион теңгенің өнімін өндіруге, 1,7 триллион теңге салық түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Нәтижесінде өткен жылы шағын және орта бизнес секторында жұмыспен қамтылғандардың үлесі халықтың 48 пайызына жетіп, оның елдің жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі 40 пайызға жуықтаған.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ