Жаңалықтар

Әулиеаталық жастар көкпардан ел чемпионы атанды

The final spritzer

Ұлттық спорт дегенде – ұлттық рух, ұлттық намыс, тарих, мәдениетіміз бен дәстүріміз еске түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде, еліміздің барлық өңірлерінде Ұлттық спорт Қауымдастығы мен оған қарасты 9 федерация ұлттық спорт түрлерінен жарыстарды жүйелі өткізуде.

Жалпы, спорт – өркениетті қоғам өмірінің айнымайтын бір бөлшегі. Бұл күнде спортпен айналыспайтын, оны мемлекеттік тұрғыда қолдамайтын мемлекеттер некен саяқ. Өркениетті елдер мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөле отырып, өз спортшыларының өнерін жетілдіруде әрі жарыстарда жеңуін қалап, жанкүйер болуда. Қасиет дарып, құт қонған Жамбыл жерінде де ұлттық спортқа жіті көңіл бөлінген.

Өзгесін айтпағанда, көкпардан «Әулиеата» құрамасы 14 дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Ендеше, шабандоздарымыздың есімдері ел тарихында, оның ішінде спорт шежіресінде алтын әріптермен жазылары анық. Естеріңізде болса, жуырда ғана Талғар төрінде еліміздің әр өңірінен келген 13 құрама мен 160-қа жуық үздік шабандоздар өз бақтарын сынаған еді. Сайын даланы шаңға бөктірген дүбірлі додада жамбылдық көкпаршылар жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Міне, осылайша біздің жас жігіттер шабандоз ағаларының жолын лайықты жалғай білді.

Алматы облысында көкпардан өткен Жастар арасындағы Қазақстан Республикасының XIX чемпионатында жерлестеріміз алғашқы кездесуде Түркістан облысының командасын 5:4 есебімен жеңсе, кейін Жетісу облысын 9:2, Алматы облысын 6:3 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды. Ал финалдық ойында Жамбыл облысының құрамасы мен Шымкент қаласының командасы алтын жүлдені сарапқа салды.

Тартысқа толы бәсекенің негізгі уақыты тең аяқталды. «Алтын салым» кезеңінде әулиеаталық жас шабандоз Арнұр Әсен шешуші ұпайды еншілеп, өз командасына жеңіс сыйлады. Осылайша, жиырма бір жасқа дейінгі жас көкпаршылар ел чемпионатында тоғызыншы мәрте топ жарып, өңір абыройын тағы бір мәрте асқақтатты. «Әулиеата» ұлттық спорт клубының басшысы, даңқты көкпаршы Нұрдәулет Момынов ізбасарларының өнеріне көңілі толатынын жеткізді.

Айта кетейік, күні кеше жамбылдық спорт сүйер қауым жас көкпаршыларымызды сән салтанатымен күтіп алды. Олардың арасында облыс тұрғындарымен бірге спорт жанашырлары мен көкпаршылардың туыстары да бар. Бастысы, осы күні күй тартып, ән шырқаған жастар – жеңіс рухын шын сезінгені мәлім.

 

Есен ӨТЕУЛІ