Әлеумет

Өркениеттің өлшемі - өнеге мен білім

The final spritzer

«Білгенге маржан, білмеске арзан» деп Абай хакім айтып кеткендей, ілім іздеп, таным көкжиегіңді кеңейткеннің ешқандай залалы жоқ. Білім алудың ешқашан ерте-кеші болмаған. Тараз қаласындағы «Достық» үйінде облыс әкімдігі дін істері басқармасының ұйымдастыруымен дін саласында қызмет атқаратын мамандарға арналған екі күндік облыстық оқыту семинарының тыңдаушыларға берері көп болды. Шараның басты мақсаты – өңір тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуды көздейді.

Семинар жұмысын облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев ашып, іс-шараға сәттілік тіледі.

Оқыту семинарына облыстың барлық аудандарынан ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелері, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мешіт имамдары мен теолог мамандардан құралған 150-ге жуық адам қатысты. Семинар барысында қатысушыларға арнайы шақырылған республикалық деңгейдегі лекторлар дәріс оқыды. Олардың қатарында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің, Түркістан қаласынан келген дінтанушы ғалымдар мен теологтар, сондай-ақ кәсіби психологтар бар. Кез келгенінің сабағы маңызды, айтқан ойы, терең білімдері көңілге қонымды. Тыңдаушының жандүниесін байытатындай әсерлі.

Семинардың бірінші күні М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Толқын Өмірбаева «Көпшілік алдында сөйлеу – шеберлік пен сенімділіктің үлгісі» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды. Толқын Шәкенқызы көпшілік алдында сенімді сөйлеу деңгейінен бастап, ақпарттық, демонстративті сөйлеу бағыттарына терең тоқталды.

Сонымен қатар, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының бөлім меңгерушісі Фариза Кенжебаева мемлекеттік ұйымдарда әлеуметтік желілерді пайдалану жөніндегі тәжірибесімен бөлісті. Қазір уақыт басқаша. Барлық салада әлеуметтік желінің рөлі артты. Дін өкілдерінің де әлеуметтік желіні меңгеруі маңызды. Дін саласына қатысты мемлекеттік қызметшілер де заман ағымына ілескендері дұрыс. Сондықтан, Ф.Кенжебаеваның да семинар сабағы үйлесімді әрі сәтті өтті.

Психология ғылымдарының магистрі Гүлмира Сарытай «Коммуникация әдістері және олардың түрлері» тақырыбында баяндама жасады. Психолог маман қазіргі жаһандану үрдісі жайлаған қоғамда түрлі тосын жағдайлар болып жатқанын айта келіп, ер мен әйел адамға қатысты мәселелерге тоқталды.

 

Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, шара жоғары деңгейде қорытындыланды. Мұндай семинарлар дін саласы мамандарының кәсіби деңгейін өсіретіні, ауыл имамдарының тұрғындармен жұмысын шебер үйлестіру жолында оң бағдар беретіні анық.

 

Есет ДОСАЛЫ