Денсаулық

Психикалық жағдай - барлық дерттің бастауы немесе денсаулықтың демеуі

The final spritzer

Әдетте, тәннің саулығы сыр берсе, ауруды басатын дәрілерді қолдана отырып, емдеуге мүмкіндік бар. Алайда, жан ауырғанда тыныштандыру оңай емес. Тіпті, бірқатар тән сырқаттары да жанның ауруына байланысты өршитінін білеміз. Сондықтан, дәрігерлер психикалық денсаулық адам саулығының негізі екенін ескертіп келеді.

Денсаулық – аурудың болмауы ғана емес, сонымен қатар физикалық, психикалық және әлеуметтік әл-ауқаттың толық жағдайы. Бұл сөздер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан тараған. Сондай-ақ, бұл ұйым адамның жалпы денсаулығының негізгі құрамдас бөлігі ретінде психикалық денсаулықтың маңыздылығын көрсетеді. Облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің Стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Эльмира Дәулетжанованың айтуынша, психикалық сау адам өмірге оң көзқараспен қарайды, стресске төзімді келеді және эмоциялармен күресуді біледі.

Созылмалы стресс, депрессия және мазасыздық иммунитетті әлсірететінінен көбіміз хабардармыз. Онымен қоймай, көңіл күйдегі мазасыздық ең алдымен жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттырады және психосоматикалық жағдайларды тудыруы мүмкін. Мысалы, стресс физикалық белгілерді тудыруы мүмкін, яғни ауырсыну, мигрень, асқазан-ішек жолдарының проблемаларын туындатады.

Бұл – психосоматикалық бұзылулар. Екіншіден, шизофрения мен биполярлық бұзылыстың биологиялық негізі бар, бірақ стресс алғашқы шиеленісті немесе нашарлауды тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, стресс адамның алкогольді, есірткіні және басқа да белсенді заттарды қолдануына себеп бола алады.

Халық «Тағдырың өз қолыңда» деп бекер айтпайды. Барлық адам өмірге таза қалпында келеді. Өмір сүре келе кездескен түрлі жағдайларды қабылдауына қарай мінез қалыптастырып, алуан әрекет жасауымен өз тағдырын түзеді. Рухы берік жандар барлық қиындыққа төтеп беріп, өзіндік болмысын жоғалтпай, абыройлы атын да сақтап, денсаулығын да қорғайды. Ал, кездескен кедергіге морт сынатындар көңіл күйін уақытша сергітетін алкогольдік ішімдікке, темекіге, тіпті оның артынан нашақорлыққа қалай салынып кеткенін де байқамай қалады. Тіпті, мұндай зиянды тәуелділікке ұрынбағанның өзінде бойына теріс пиғылды мінезді сіңдіріп, өмір жолын көлеңкелі бағытқа бұрып алуы да бек мүмкін. Міне, сондықтан да психикалық денсаулық тағдыр үшін маңызды, саналы өмір сүруге аса қажет.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА