Шу ауданында жол жөндеу жұмыстары жандануда

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Шу ауданында «Ауыл аманаты» жобасы осы күнге дейін бес ауылдық округте сәтті жүзеге асып жатыр. Өңірде аталған жобаның бес бағыты бойынша 4,2 миллиард теңге несие берілген. Ал былтырғы жылдан бастап дәл осы жобаның 5-ші бағыты «Тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларын іске асыру» мақсатында 296,9 миллион теңгеге 40 жоба несиелендірілген. Нәтижесінде, аудан аумағында жаңа 25 жоба іске қосылса, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 81,8 пайызға бәсеңдепті.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифинг барысында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі – 8 миллиард теңгеге қалыптасса, ауыл шаруашылығында – 2,8, инвестицияда – 23,4 және сауда айналымында 3 миллиард теңгені құраған. Десе де, құрылыс жұмыстары өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 5,3 миллион теңгеге кем орындалған.
Мұнан соң, аудан әкімі инвестиция тарту, жайылым мәселесі, каналдар мен жолдарды жөндеу, тұрғын үй құрылысы, ауыз су мен табиғи газ тарту, көшелерді жарықтандыру мен абаттандыру және көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Айта кетейік, аталған ауданда жол жөндеу жұмыстары бойынша биыл 32 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 23 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда Жаңақоғам ауылдық округінде екі жоба бастау алып отыр.
Есен ӨТЕУЛІ